Қаратау кенішінде уран өңдеу кезінде 862 млн теңге жымқырылды: Антикор тергеуді аяқтады

Жарияланды
Қаратау кенішінде 862 млн теңгені кімдер жымқырды? / Фото: архив kursiv.media

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Қаратау» ЖШС бұрынғы басшылығына («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы), «Iri building» ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтады.

Мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

«Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және «Қаратау» ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық нәтижесінде жасалған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.«Iri building» ЖШС-нің нақты иесі іздеуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі.

Антикор сонымен бірге бұрынғы вице-министр Т. Тоқтабаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекетке никель (1,075 млн тонна) және кобальт (585,9 мың тонна) қоры бар Қостанай облысындағы бірегей «Шевченковское» кен орны қайтарылғанын еске салады. Пайдалы қазбалар қорларының құны 5,6 трлн теңгеден асады.

Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаев кен орындарын қалай иеленді?

Еске салсақ, өткен жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Тимур Тоқтабаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Тоқтабаев Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкілетін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылған.

Ол вице-министр қызметін атқарып жүрген кезінде министрлік атынан тікелей келіссөздер жүргізіп, Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға өзі жетекшілік ететін АҚ-мен келісімшарт жасасқан.

Келісімшарт жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі оның «С.» ЖШС-ға заңсыз беруді көздеген. Бұл ЖШС-да сенімді тұлға арқылы Тоқтабаевтың 20% үлесі болған. Ал аталған кен орнында бұрын никель-кобальт кендерінің өнеркәсіптік қорлары орнатылып, «Г.» ЖШС-мен өндіру бойынша келісімшарт бұзылған.

Кен орны қоры бар объект ретінде өндіруге келісімшарт немесе лицензия алу үшін аукционға шығарылуға тиіс болатын, бұл аукционнан кейін мемлекетке бюджетке – 40,6 млрд теңгеден астам қомақты түсімдер алуға мүмкіндік болған. Кейінірек вице-министр кезінде Тоқтабаев «С.» ЖШС жарғылық капиталындағы осы 20% үлесті үшінші тұлғаларға сатқан, оның 10%-ы 425 млн теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз