Жаңалықтар

Уран кенішінен ақша жымқыру: Қайрат Сатыбалдыұлының іздеу жарияланған туысы әлі табылмады

Қайрат Сатыбалдыұлының туысы уран кенішіндегі жымқыру ісімен қалай байланысты? / Коллаж: kursiv.media, Бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаратау уран кенішін жаңғырту кезінде ақша жымқырды деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланған Бақтияр Байсейітов әлі табылмады. Қайрат Сатыбалдыұлының қайын атасы бір жарым жылдан бері іздестіріліп жатыр.

Антикор мәліметінше, «Iri building» ЖШС Бақтияр Байсейітовтің бақылауындағы компания. Байсейітов Сатыбалдымен туыстық байланысын қолдана отырып, өз компаниясының «мүдделерін алға жылжытқан». 2019 жылы мердігер «Қаратау» ЖШС кеніші бойынша жалпы құны 6,2 млрд теңгеге құрылыс жұмыстарына шарт жасасқан.

 «Байсейітов Б., «Iri building» ЖШС-нің қызметін тікелей қадағалап, нысан құрылысына түскен қаражатты үлестірген, бұл ретте техниканың бір бөлігі жеткізілмей, оған бөлінген қаражат заңсыз алынып, ұрланған. Ұрлық 2019-2021 жылдар аралығында тіркелген. Түркістан облысы Созақ ауданындағы шахтада қызмет көрсету кезінде» деп жазылған Антикор хабарламасында.

Бақтияр Байсейітовке 2022 жылдың қараша айында халықаралық іздеу жарияланған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген бөтеннің мүлкін иемдену, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқыру,  адамдар тобында алдын ала сөз байласу бойынша аса ірі мөлшерде жасалған жеке басының пайдасы үшін қасақана мүлiкке қарсы ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген. Тіпті оның тұрған жерін хабарлағаны үшін сыйақы беру де жарияланған. Антикор мәліметінше, Байсейітов мемлекетке 320 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Айта кетейік, «Iri building» ЖШС-нің іздеуде жүрген иесі – Қайрат Сатыбалдының қайын атасы. Антикор ақпаратына сүйенсек, бүгінде оны Интерпол іздестіруде

Еске салсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қаратау кенішінде уран өңдеу кезінде 862 млн теңге жымқырылғанын мәлімдеді. Антикор дерегінше, «Қаратау» ЖШС бұрынғы басшылығына («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ еншілес ұйымы), «Iri building» ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтаған.

«Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және «Қаратау» ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық нәтижесінде жасалған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.«Iri building» ЖШС-нің нақты иесі іздеуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі.

Айта кетейік, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты сот отырысы әлі жалғасып жатыр. Сатыбалдының сот отырысы тағы да кейінге қалдырылған. Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Ерлан Нұрмахановтың сөзінше, «шетелдік активтерді қайтарудың белгілі бір процедураларын орындау және іс жүргізу келісімдерін жасау үшін» уақыт қажет.

Оған дейін Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қатысты айыпты мойындаған еді.