Құрамында қанты бар сусындарға қосымша салық салу жоспарланып отырған жоқ – Олжас Бектенов

Жарияланды (жаңартылды )
Салық
Қосымша салық салынса сусын өндірісі 26,4%-ға төмендейді / Архив: kursiv.media

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов депутаттардың сауалына берген жауабында акцизді енгізбеу туралы шешімді түсіндірді. Үкімет басшысының жауабы Парламент Сенатының ресми сайтында жарияланды.

Бұл ретте ол Ұлттық экономика министрлігі жанындағы экономикалық зерттеулер институты жүргізген талдаудың деректерін келтірген.

«Алкогольсіз сусындар мен шырын өндірушілерінің қауымдастығы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қант қосылған сусындарға акциз енгізген жағдайда сусын өндірісі 26,4%-ға төмендейді. Осылайша жоғарыдағы тәуекелдерді ескере отырып, жаңа Салық кодексінің жобасы аясында қант қосылған сусындарға акциз енгізу жоспарланып отырған жоқ», – деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.

Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі құрамында қанты көп сусындарға қосымша салық салу ұсынысынан бас тартпайтынын хабарлады. Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл талапты Денсаулық министрлігі ойлап тапқан жоқ. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы. Соның негізінде көптеген елде құрамында қант көп сусындарға акциз енгізіліп жатыр екен.

Үкімет бұл салықты енгізу туралы мәселені 2021 жылдан бері көтеріп келеді. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров құрамында қанты көп алкогольсіз сусындарға акциз салу мәселесі жыл соңына дейін шешілетінін хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз