Жаңалықтар

Биржада алтынға сұраныс 5% төмендеді

2024 жылдың бірінші тоқсанында алтынға сұраныс 5%-ға төмендеді.
Алайда биржадан тыс нарықта алтынға сұраныс артты / Архив: kursiv.media

Биржадан тыс операцияларды қоспағанда алтынға деген әлемдік сұраныс 2024 жылдың бірінші тоқсанында 5%-ға төмендеді. Осылайша сатылған бағалы металл көлемі 1 102 мың тоннаны құрады. Бұл туралы Дүниежүзілік алтын кеңесінің бірінші тоқсан бойынша қорытынды есебінде жазылған.

«Алайда биржадан тыс нарықтағы сұраныс көлемін ескерсек, жалпы сұраныс 3%-ға өскен. Осылайша оның көлемі 1 238 мың тоннаға жетті. Бұл 2016 жылдан бергі ең жоғары нәтижемен аяқталған бірінші тоқсан», – деп хабарлады Дүниежүзілік алтын кеңесі.

Кеңестің ақпаратына сүйенсек, инвесторлардың биржадан тыс жасаған саудасы ашық жария етілмейді. Бірақ бағаның өсу қарқыны мен ауқымынан білінеді.

Бұған дейін сарапшылар күзге қарай алтын бағасы қымбаттай түседі деп болжады.

Швейцариялық қаржы холдингі – UBS-тің хабарлауынша, оған Федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі ықпал етпек.

«ФРЖ-ның ақша-несие саясатын жұмсартуымен алтын бағасы қымбаттайды деп болжаймыз. Бұл сондай-ақ доллардың әлсіреуімен қатар жүреді»,– деді инвестициялық банктің бағалы металдар бойынша стратегі Джони Тэвес.

Сарапшы бір унция алтын бағасы жыл соңына дейін 2200 долларға жетеді деп болжайды.

Алтын бағасы пайыздық мөлшерлемеге кері бағытта қалыптасатын үрдіске ие. Пайыздық мөлшерлеме төмендеген сайын алтын төмен пайыздық ортада әлсіз кіріс әкелетін облигация сынды инвестқұралдармен салыстырғанда тартымдырақ бола түседі.