Салтанат Нүкенованың қазасы: прокурор сотталушылардың мәйіттен құтылмақ болғанын айтты

Жарияланды
Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың мәйіттен құтылмақ болғанын айтты/коллаж kursiv.media (Аскар Ахметуллин), бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды.

Алғашқы болып мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова сөйледі.
Оның айтуынша, Бишімбаев пен Байжанов Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанын біле тұра, айғақтарды жасыруға тырысқан. Тіпті мәйтінен құтылмақ болған. Сол үшін Нүкенованың телефонын алдымен фитнеске, содан кейін үйіне апарған.

«Бишімбаев неге сағат 3-тен кейін нашатырь әкелуді сұраған? Сараптамаға сәйкес, Нүкенова ол уақытта қайтыс болған. Ал қайтыс болған адамды нашатырь оятпайды. Оны басқа мақсатта пайдаланған. VIP-бөлмеде Нүкенованың саусақ іздері жоқ. Алайда Бишімбаевтың өзі екеуінің сол жерде бірге отырғанын айтты. Нашатырь көмегімен Салтанаттың іздері мен денесіндегі қанды сүрткен», – дейді мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова.

Аймағанованың сөзінше, қайғылы оқиға болған орыннан нашатырь табылмаған. Оны тергеушілер таба алмаған.

Сондай-ақ прокурор Байжановтың әрекетіндегі қулықтарға тоқталды.

«Ол бір жағынан Бишімбаев қысым жасап жатқанын айтып, оның берген жауабын растап отыр. Байжанов орыс тілін жетік меңгермегенін алға тартып жауабын қағаздан оқып бергенін еске алайық. Алайда сотта кәсіби аудармашы бар, сол себепті Байжановқа қазақ тілінде жауап беруге ештеңе кедергі келтірмеді. Бұл да ойластырылған әрекет. Ол қағаздан оқып беру арқылы Бишімбаев пен өзінің қылмысына қатысты шатасып немесе артық айтып қоймауды ойлаған», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Айтуынша, Байжанов Салтанаттың қайтыс болғанын түсініп, жедел жәрдемге хабарласқан. Диспетчермен әңгіме барысында да Нүкенованың жүрегіне массаж жасауды имитациялаған.

«Жедел жәрдем дәрігері оқиға орнына келген кезде Салтанаттың бетін жауып қойған күйінде көргенін айтты. Яғни қайтыс болған адамның бетіп жапқан секілді ораған»,– деді прокурор.

Тараптардың жарыссөзі 29 сәуірдегі сот отырысында басталады деп жоспарланған еді.

Алайда жарыссөз алдында айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауға қатысты өтінішхат жасады.

«Айыптау тарапы Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша айыптаудан бас тартады», – деді прокурор Саяхат Нұрбеков.

Тараптар мемлекеттік айыптаушының өтінішхатына қарсылық білдірмеді, осылайша судья өтінішхатты қанағаттандырды.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

9 қаңтарда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы адвокат Жанна Оразбахова Instagram парақшасына жазған болатын.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Сот алқабилерінің қатысуымен өтіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз