Үкімет биыл бюджеттің 300 млрд теңге өнімсіз шығысын қысқартпақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
өнімсіз
Қанша шығын қысқарады? Фото: kursiv.media архиві

Қаржы министрлігі биыл 300 млрд теңгеге тең өнімсіз шығысты қысқартпақ. Үнемделген қаржы экономикалық қайтарымы барынша жоғары шараларға жұмсалады. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Мемлекет басшысының қабылдауында айтты.

Ақорданың хабарлауынша, Мәди Такиев мемлекеттік қаржының негізгі параметрлері, оның ішінде биылғы І тоқсанда жұмсалған республикалық бюджет қаражаты туралы есеп берген.

Министрдің айтуынша, 3 айда мемлекеттік бюджетке 4,5 триллион теңгеге жуық кіріс кірген. Сонымен қатар министрлік өнімсіз бюджет шығынын саралап, нәтижесінде биыл 300 миллиард теңгеден астам сома қысқартылмақ. Бұл қаражат экономикалық қайтарымы барынша жоғары шараларға жұмсалады.

Одан бөлек, министр салықтық-кедендік әкімшілендіру ісіндегі жаңа бастамаларды таныстырған. Мәселен, жаңа Салық кодексінің жобасында салықтық әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілген, тексерулер санын қысқарту жөніндегі нормалар қарастырылған, камералық бақылау және салық берешегін өндіріп алу тәсілдері өзгертілген.

Президент Қаржы министріне мемлекеттік қаржының жағдайын жақсарту, атап айтқанда, бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру салаларын цифрландыру арқылы жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырма берген.

Еске сала кетсек, 9 ақпанда Премьер-Министрі Олжас Бектенов мемлекеттің шығыны мен жалпы бюджеттің жұмсалу барысына ревизия жүргізуді тапсырған болатын. Нәтижесінде биыл мемлекеттік органдар маңызы жоқ іссапарларға шықпай, қажетсіз іс-шаралар өткізбейтіні айтылды.

Мемлекеттік қолдау бойынша өнімділігі төмен шаралар бойынша шығыстар азайтылады. Маңызы жоқ жобаларды қаржыландыру қысқарады. Жекелеген шараларды қаржыландыру және іске асыру шарттарын өзгерту есебінен шығыстар да оңтайландырылады.

Сондай-ақ оқыңыз