ТШО Теңіз кен орнын кеңейту жобасына 2024 жылдың І тоқсанында 440 млн доллар салған

Жарияланды
Шығарушы редактор
кеңейту
Теңіз кен орнын кеңейту жобасында құрылыс жұмыстары аяқталды. Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Зиперов Ахтам

2024 жылдың І тоқсанында Теңіз кен орнынан 7,5 млн тонна шикі мұнай өндірілген. Кен орнын кеңейту жобасына 3 айда 440 млн доллар жұмсалған. 2024 жылдың үш айындағы Теңіздегі өндіріс деректері жарияланды.

Жыл басынан бері ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей төлемі 3 млрд долларды құрады. Осы уақытта қазақстандық камтуды және дамытуға 790 млн доллар жұмсалған. Оның 440 млн доллары Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасына бөлінген.

«ТШО 2024 жылдың бірінші тоқсанында Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы (ККЖ-ҰЕҚБЖ ) шеңберінде жұмсалған 440 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны қоса алғанда, қазақстандық қамтуды дамытуға 790 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы жұмсады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Келешек кеңею – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы – Теңіз кен орнының өндірістік қуаттылығын арттырудың келесі кезеңі. Бұл жобаны ТШО серіктестері 2016 жылы қолға алған.

Келешек кеңею жобасы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 миллион тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырмақ. Жалпы мұнай өндіру көлемі жылына шамамен 39 миллион тоннаны немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды. Қазір жоба бойынша құрылыс жұмыстары аяқталған.

Ақпанда Үкімет басшысы Олжас Бектенов Chevron компаниясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесуінде Теңіз кен орнын кеңейту жобасы мерзімінде аяқталуға тиіс деген болатын. Тапсырма 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы мен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалуы қажет. Өйткені жобаны жүзеге асыруды кешіктірген сайын, оның құны қымбаттап барады.

Бастапқыда жоба құны 12 млрд долларды құраған еді. Кейін бұл көрсеткіш 37 млрд долларға жетті. Үкімет 2023 жылғы сәуірде кеңейту жобасының құны шамамен 47 млрд доллар деп бағаланғанын жариялады.

Теңіз мұнай кеніші 1979 жылы ашылды. «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан Республикасы мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылған. Қазіргі таңдағы «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «Лукойл» – 5%-на иелік етеді

Сондай-ақ оқыңыз