Депутат су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың бәріне бірдей өтемақы төленбей жатқанын айтты

Жарияланды (жаңартылды )
Депутат су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың бәріне бірдей өтемақы төленбей жатқанын айтты / Reuters/Turar Kazangapov, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода су басқан аймақтарда тіркелмеген азаматтарға өтемақы төленбей жатқанын айтып, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясының отырысында осы ауқымды су тасқыны нәтижесінде мыңдаған адам өз мүлкін жоғалтқанын айтып, зардап шеккендердің барлығы тең дәрежеде біржолғы өтемақы алатынын айтқан еді», – деп бастады сөзін депутат.

Ол Amanat партиясының өкілдері өңірлерге барған сәтте тұрғындардан осы өтемақы мәселесі туралы сұрақтар келіп түскенін айтты.

«Үкіметтің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілді. Олардың шеңберінде жергілікті атқарушы және өкілетті органдар өтемақы алатын санаттардың тізбесін, мөлшерін, көмек түрлерін бекітуге құзыретті. Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негізгі себептің бірі табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келген болуы тиіс», – деді депутат.

Алайда, депутаттың сөзінше, осы қаулының 23-бөлімінде әлеуметтік көмек алушының тиісті әкімшілік аймақтан тыс жерде тіркелуі оған өтемақы төлеуге жол бермейді. Яғни қазір су басқан аймақта үйі бола тұра, өзі басқа аймақта тіркелген азаматтар өтемақы ала алмайды.

Жергілікті атқарушы органдар осы қаулыға сүйене отырып, зардап шеккендердің тізімін жасаған.

«Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық мәслихатының шешімімен Петропавл қаласының аумағында тұрақты тұратын және тіркелген азаматтар ғана ережерге сай болады. Су тасқынымен қамтылған басқа өңірлердегі жағдай ұқсас. Мысалы, Ақтөбе облысының Мұғалжар және Қобда аудандары, Қостанай облысының Амангелді, Жангелді және Қостанай аудандары, Батыс Қазақстан облысының Сырым, Теректі және Қаратөбе аудандары және т. б. аудандарындағы ереже де дәл осындай», – деді депутат.

Оның сөзінше, бұл ереже зілзала аумағында мүлкі қалып қойған, бірақ су тасқыны аумағында тіркелмеген азаматтардың құқығын бұзады.

Сонымен қатар ол елдегі меншік құқығы жайлы заңнамаға сәйкес, меншік иесі өз мүлкі орналасқан жерде тіркелуге міндетті емес екенін алға тартты.

«Жоғарыда айтылған мәселеге байланысты табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек алуға кедергі келтіретін құқықтық олқылықтарды қысқа мерзімде жоюды ұсынамыз. Яғни табиғи зілзала немесе өрт салдарынан зардап шеккен азаматтар санаты үшін «алушының тиісті әкімшілік аймақтан тыс жерде тіркелуі» туралы бөлім алынып тасталып, қағидаларға өзгерістер енгізіліп, бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға хабарлансын», – деді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан кейін елдімекендердің инфрақұрылымын қалпына келтіруге 5 ай уақыт берді. Бұл жайлы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз