Астана әкімшілігі Боранбаевтан қайтқан қонақүйді екінші рет саудаға шыққанда 3,9 млрд теңгеге сатты

Жарияланды (жаңартылды )
Астана әкімшілігі Боранбаевтан қайтқан қонақүйді екінші рет саудаға шыққанда 3,9 млрд теңгеге сатты / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Астананың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бұрын бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған төрт жұлдызды Comfort Hotel Astana қонақүйін сатты. 

Қонақүй электрондық сауда алаңындағы сауда-саттық нәтижесінде 3,9 млрд теңгеге сатылды. Сайтта сатып алушы туралы деректер көрсетілмеген. 

Кепілдік жарна 587,9 млн теңге, ал лоттың бастапқы құны 3,9 млрд теңге болған. Бағаны сауда-саттық алдында қонақүй активтерін бағалаған Gentium de Facto компаниясы белгіледі. Есепте қонақүйдің кірісі өткен жылы 496,5 млн теңгені құрағаны айтылған. 

Айта кетейік, қаржы мониторингі агенттігі өткен күзде қонақүйді мемлекетке қайтару кезінде оның құнын 1,4 млрд теңге, жылдық айналымын 900 млн теңге деп бағалаған. 

Тендердің шарттары бойынша тіпті жалғыз қатысушы сұраныс білдірсе де, оны сатуға рұқсат етіледі. Әлеуетті сатып алушының мерзімі өткен кредиторлық берешегі мен соттылығы болмауы керек деген шарт болған. Оның қонақүйлерді басқаруда кемінде 7 жыл тәжірибесі болуы керек еді. Сондай-ақ ол халықаралық сауда маркасымен қонақүй ашу үшін халықаралық қонақүй желісінен лицензия беру туралы алдын-ала келісімге ие болуы керек болатын.

Еске сала кетсек, миллиардер Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» қонақүйі мемлекеттік электрондық сауда алаңына 15 наурыз күні орналастырылған болатын. Аукцион құжаттарында нысанға тек бір адам ие бола алатыны және жаңа иесі қонақүйді, оған іргелес аумақты мақсатқа сай пайдалана алатыны жазылған. 

10 сәуірде Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы миллиардер Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді толығымен сатуға дайын екенін «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазған.

Боранбаев қайтарған мүлік

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтеді.

Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені құрайтын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

Қаржы мониторингі агенттігі Боранбаевтың құны 90 млрд теңгеден асатын активтері заңдастырылып, мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілгенін хабарлаған.  

Сондай-ақ оқыңыз