Су ресурстары министрлігі Каспийге 1 млрд текше метр тасқын суы жіберілгенін хабарлады

Жарияланды (жаңартылды )
Су ресурстары министрлігі Каспийге 1 млрд текше метр тасқын суын жіберді / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспийді тасқын суымен толтырып, қазірдің өзінде теңізге 1 млрд текше метрге жуық су жіберді

Министрліктің хабарлауынша, тасқын суы 4 арна: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок арқылы өткен.

4 арна тәулігіне 12 млн текше метр су өткізе алады. Олардың әрқайсысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесінің мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізіп жатыр. Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды. Ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберілген.

«Сондай-ақ біз Жайық өзені арқылы суды лимандарға бағыттаймыз. Ал, Ойыл өзенінен су лимандардан бөлек, жерасты суларының орындарын толтыру үшін де жіберіледі. Осыған дейін Балқаш көліне су жіберіп, оның деңгейін 15 см-ге көтердік, БҚО Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытаудан Қызылорда облысының көлдеріне су жібердік, Ақмола облысының көлдерін толтырдық. Біздің алдымыздағы бірінші кезектегі міндеттердің бірі – көлдерді тасқын сумен толтыру», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Экологиялық жағдай қалай реттеледі?

Су тасқынынан кейін елдімекендердегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шаралары жөнінде Экология министрлігіне «Курсив» сауал жолдаған. Министрлік елдегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру шараларын да жүзеге асыру жергілікті әкімдіктерге жүктелгенін хабарлады. 

Министрлік хабарлауынша, су басқан аумақтардың флорасы мен фаунасын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Министрліктің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта су басқан аймақтардағы барлық ағаш өсімдікті негізінен өздерінің вегетациялық кезеңін әлі бастамаған. Осыған байланысты, судың өтуі және уақытша су тасқыны өсімдіктерге қатты зиян
келтірмейді деп болжайды мамандар.

Өсімдіктерді сақтау үшін бау-бақшалар мен жасыл алқаптардан үлкен су кеткеннен кейін шұғыл түрде қалдық судан тазарту керек. Топырақ аздап құрғаған кезде, топырақты аэрациялау үшін қоқыстардан тазалап, топырақта тығыз қабықтың пайда болуына жол бермеу керек. Сондай-ақ «Өсімдіктер дүниесі туралы» ҚР заңына сәйкес елдімекендердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жерлерінде орналасқан жасыл екпелерді түгендеу, күтіп-баптау және қалпына келтіру жұмыстарын жергілікті
атқарушы органдар жүзеге асыруы керек.  

Сондай-ақ оқыңыз