Bloomberg: Түркия Израильмен сауда байланысын тоқтатты

Жарияланды (жаңартылды )
эмбарго
Түркия Израильмен сауда байланысын тоқтатты/ фото: shutterstock

Түркия 2 мамырдан бастап Израильмен барлық экспорт пен импортты тоқтатты.
Бұл туралы жағдаймен таныс екі түрік шенеунігіне сілтеме жасап Bloomberg хабарлады.

Алайда бұл қадам ресми түрде жария етілген жоқ.

Түркия статистика институтының мәліметі бойынша, екі ел арасындағы сауда 2023 жылы 6,8 млрд долларды құраса, оның 76%-ы түрік экспортынан түскен.

9 сәуірде Түркияның Газадағы соғысқа байланысты Израильге экспорты шектелгені белгілі болды. Шектеулер тауарлардың 54 тобына, атап айтқанда болат пен мыс бұйымдарына, бояғыштарға, темір мен болаттан жасалған барлық құрылыс материалына, сондай-ақ жабдықтарға, электр және талшықты-оптикалық кабельдерге, химиялық қосылыстар мен тыңайтқыштарға, авиациялық бензинге, отынға және т.б. енгізілген.

Израиль Сыртқы істер министрлігі Түркияның бұл шешімін сауда келісімдерін бұзу деп атап, жауап шараларын қабылдайтынын жеткізді.

Министрлік басшысы Исраэль Кац департаменттің экономика бөліміне экспортқа шығаруға тыйым салынатын өнімдердің кең тізімін дайындауды тапсырды. Сонымен қатар, Израиль АҚШ және өзге де елдер мен ұйымдарға Түркияға инвестиция салуды тоқтатуға, оның өнімдерінің импортына жол бермеуге және санкция салуға шақырады.

Еске сала кетсек, Газа секторындағы шиеленіс палестиналық Хамас тобының Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан кейін 7 қазаннан бері жалғасуда. Одан кейін 1200-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астамы содырлардың тұтқынына алынды. Израиль қорғаныс күштері бұған жауап ретінде «Темір қылыштар» операциясын бастады. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алты айда Газада қаза тапқандар саны 34 мыңнан асты.

Сондай-ақ оқыңыз