«Қазатомөнеркәсіп»: уран өндірісі 7%-ға артып, сауда көлемі төмендеді

Жарияланды (жаңартылды )
"Taiqonyr Qyshqyl Zauyty»
АҚШ Ресейде байытылған уран импортына тыйым салды / Архив: kursiv.media

Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның 2024 жылғы  бірінші тоқсандағы қызметінің операциялық нәтижелерінде жазылған.

Уран өндірісі 7%-ға артты

Ұлттық ядролық компания 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 2023 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда уран өндірісін 7%-ға арттырып, 5,077 мың тоннаға дейін жеткізді.

Бұл ретте өндіріс көлемі уран өндіруші кәсіпорындардағы меншік үлесіне пропорционалды түрде 10%-ға өсіп, 2,761 мың тоннаны құрады.

Сауда көлемі 2,7 есе төмендеді

«2024 жылдың бірінші тоқсанында 100% және пропорционалды негізде өндіру 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары болды», – деп жазылған компания есебінде.

Өз кезегінде, «Қазатомөнеркәсіп» пен оның еншілес компаниялары сатқан шикізат көлемі бірінші тоқсанда 2,7 есеге, яғни 2,752 мың тоннаға дейін төмендеді.

АҚШ қабылдаған заң Қазақстанға әсер ете ме?

Бұған дейін АҚШ Өкілдер Палатасы 2028 жылдан бастап байытылған уранды Ресейден импорттауға тыйым салды. Заң жобасы «H. R. 1042» деп аталады. 

Тыйым бекітілгеннен кейін 90 күн өткен соң күшіне енеді. Жергілікті атом электр станцияларын отынмен қамтамасыз ету проблемалары туындаған жағдайында 2028 жылға дейін қосымша талаптар қарастырылады.

«Компания «H. R. 1042» қабылдау «Қазатомөнеркәсіпке» қандай да бір әсер етеді деп есептемейді. Өйткені «Қазатомөнеркәсіптің» негізгі қызметі табиғи уран (U3O8) өндірісі болып табылады. «Қазатомөнеркәсіп» немесе оның бірлескен кәсіпорындар бойынша серіктестері тарапынан табиғи уран конверсиялық кәсіпорындарға жеткізілгенге дейін ол қазақстандық болып есептеледі», – деп жазылған компанияның хабарламасында.

Былтыр компанияның таза пайдасы 23% артты

Еске сала кетсек, ұлттық компанияның былтырғы таза пайдасы 580 млрд теңгені құрап, 23% артты. Операциялық пайда 680 812 млн теңгені құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 49%-ға ұлғайды. 2022 жылы 455 962 млн теңгені құрады.

«Қазатомөнеркәсіп» бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, Astana International Exchange биржасында және Қазақстан қор биржасында орналастырылған. Топтың негізгі клиенттері – Атом өндіруші қуаттардың операторлары. Ал өнімдерге арналған негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа. Топ уран мен уран өнімдерін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді келісімшарттар бойынша сатады. Сондай-ақ спот-нарықта тікелей өзінің корпоративтік орталығынан саудалайды.

Сондай-ақ оқыңыз