Қазақстанның кейбір байланыс операторлары 3 жыл бойы 5G жиілігіне көше алмайды – себебін Цифрлық министрлік өкілі түсіндіріп берді

Жарияланды (жаңартылды )
5G жиілігіне
Қазақстан Катармен арадағы келісімге сәйкес, 3 жыл бойы 5G жиілігіне аукцион өткізе алмайды / Фото: kursiv.media

Қазақстанның байланыс операторы 3 жыл қатарынан 5G жиілігіне көше алмайды. Бұл жайлы Сенат отырысында ЦДИАӨМ вице-министрі Асхат Оразбек айтты.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елдегі 5G жиілігінің бір ғана компания иелігіне өтіп кеткенін айтты. Мұндай жағдайда монополия мәселесін шешу қиынға соғатынын айтып, Цифрлық министрлік өкілінен бұл проблеманы қалай шешетінін сұрады. Айтуынша, министрлік бұл жиілікке аукцион өткізген. Салдарынан 5G диапазондары «Қазақтелеком» компаниялар тобына өтіп кеткен.

«Байланыс нарығын демонополизациялау күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Бізде бұл нарықта бірнеше компания басымдыққа ие. Егер ұялы байланыс туралы айтар болсақ, бізде дамудың келесі кезеңі ретінде 5G жиілігіне өту тұр. Бірақ елде 5G жиілігін бір ғана компания иеленіп алған. Шыны керек, біз бұлайша де-монополизациялау жұмыстарын күрделендіре түскен секілдіміз. Өйткені 5G жиілігін бір ғана компанияның иелігіне беріп қою арқылы, монополия мәселесін шешу қиындайды. Министрлік бұл мәселені қалай шешпек? Бұл сегмент қалай дамиды? Сегментке басқа компаниялар кіре ала ма?»,  – деп сұрады Сенат төрағасы.

Өз кезегінде Асхат Оразбек 5G жиілігіне көшудің преспективасы жақсы екенін, бірақ алдағы үш жылда бұл нарықта 2 ғана ойыншы болатынын айтты. Өйткені Катар тарапымен арадағы келісім бойынша бұл жиілікке екі компания ғана иелік ете алады.

«Расында, аукционда екі жиілік диапазондарын «Қазақтелеком» компаниялар тобы ұтып алды. МТС (Tele2) сатылған соң, бір жиілік диапазоны жекеге өтеді. Егер Kcell де сатылатын болса, ол да жекеге өтпек. Сонда екі диапазон да жекенің иелігінде болады. Бірақ біз осы екі ғана диапазонмен шектеліп қалмай, бұдан бөлек 3 жиілік диапазонын дайындап қойдық. Олар бүгінде дайын тұр. Бірақ біз Катармен арадағы мәмілеге сәйкес алдағы 3 жыл бойы бұл диапазондағы жиілікке аукцион өткізе алмаймыз. Сатып алу шартында солай көрсетілген. Яғни алдағы 3 жыл ішінде бұл диапазонда тек екі ойыншы болады. Нарық бұл диапазондарды қолдануға дайын болған кезде, бұл жиіліктерге аукцион өтеді. Солайша бізде жаңа ойыншылар пайда болады», – деді вице-министр.

Өз кезегінде Мәулен Әшімбаев депутаттардың бұл салаға мемлекеттік компаниялардың қатысуына еш қарсылығы жоқ екенін, тек бәсекелестік шарттары сақталғанын көздейтінін жеткізді. Ол бәсеке болған жерде сапа артып, бағалар түсетінін, солайша байланыс қызметтері қолжетімді болатынын атап өтті.

«Стратегиялық тұрғыдан алғанда бұл нарыққа мемлекеттің қатысуы керек те шығар. Ауылдар мен шалғайдағы елдімекендерде байланыс инфрақұрылымын дамытуға кететін шығындарды тек мемлекет қана көтере алады. Бірақ бізге бәсекелестік те керек. Бәсекелестік болса, сапа да жақсарады. Бұл бірінші кезекте халыққа керек. Министрлікті көпшілік сынға алып жатады. Неге десеңіз, байланыс пен қызмет сапасы сын көтермейді. Неге? Өйткені бәсекелстік жоқ. Ал біздің мақсатымыз  – халыққа сапалы байланыс қызметін ұсыну. БҚДА мен министрліктің осы бағытта жұмыс істеп, нәтижеге қол жеткізетініне сенімдіміз. Сонымен бірге бұл нарықта да, 5G жиілігінде де ойыншылар саны артады деп ойлаймыз», – деді Әшімбаев.

Еске сала кетейік, бүгін бейсенбіде Сенат «байланыс туралы заңды» мақұлдады. Оған сәйкес ауылдық және өнеркәсіптік секторларда байланыс қызметтерін субсидиялар көмегімен цифрландыру жүзеге асырылмақ. Бұл заң негізінде байланыс операторларының байланыс инфрақұрылымына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен бірге елдегі басқа операторлар кабельді канализацияға қол жеткізе алатын болады. Ал әзірше кабельді канализацияға негізінен «Қазақтелеком» АҚ иелік етуде.

Сондай-ақ оқыңыз