Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасына сәйкес, Қазақстандағы 38 заңнамалық актіге, оның ішінде 9 кодекс пен 29 заңға өзгеріс енеді.
Бұл заң негізінде байланыс операторларының байланыс инфрақұрылымына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен бірге заңға сәйкес байланыс операторларына өз жабдықтарын орнату үшін әуе желілерінің тіректерін тегін пайдалануға рұқсат етіледі, жергілікті органдар барлық операторға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін байланыс инфрақұрылымын басқарады.
Заңның ең ұтымды тұсы ретінде ауылдық және өнеркәсіптік секторларда байланыс қызметтерін субсидиялар көмегімен цифрландыруды жүзеге асыру тетігін атап кетсек болады. Байланыс операторлары сонымен бірге төтенше жағдайлар туралы жедел хабарлау үшін Cell Broadcast технологиясын ұсынуға міндеттеледі. Заң күшіне енсе, қоғамдық ғимараттарды салу кезінде тапсырыс беруші байланыс жабдықтары үшін тиісті үй-жаймен қамтамасыз етуі тиіс және байланыс жабдықтарын орналастыру үшін орындарды жалға алуға шекті тарифтер белгіленбек.
Сондай-ақ виртуалды байланыс операторлары пайда болады. Олар басқа операторлардың инфрақұрылымын пайдалана отырып жұмыс істемек.
Байланыс операторлары бұл заңға сәйкес алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу үшін Антифрод-орталықтың құқықтық құзыреті артады.
«Заң мақұлданған жағдайда, біріншіден, байланыс желілерінің құрылысы жеделдетіледі. Екіншіден, байланыс қызметтерінің сапасы жақсарады, қамту аймақтары кеңейеді, абоненттер саны артады. Үшіншіден, байланыс операторлары арасында бәсекелестік дамиды. Төртіншіден, жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды. Бесіншіден, инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновациялардың үлесі артады», – дейді сенатор Бауыржан Қаниев.
БҚДА «Қазақтелекомның» екі байланыс операторын жеке секторға көшіруді ұсынған
Жиында депутат Советбек Медебаев байланыс саласында бәсекелестікті дамыту қалай жүргізілетінін, ұялы байланыс нарығын демонополизациялау жұмыстары қалай жүзеге асырылатынын сұрады. Сонымен бірге кабельді канализацияға кейбір байланыс операторларының қол жеткізе алмай отырғанын айтты.
Өз кезегінде ЦДИАӨМ вице-министрі Асхат Оразбек кабельді канализация негізінен «Қазақтелеком» АҚ-ға тиесілі екенін атап өтіп, бұл мәселенің алдағы күндері заң негізінде реттелетінін мәлімдеді.
«Байланыс нарығының монополиясы бүгінгі күннің проблемасына айналып отырғаны рас. Мұнда бірнеше негізгі ойыншылар бар. Біріншісі «Қазақтелеком» тобының компаниялары. Сонымен бірге «Транстелеком» бар. Кабельді канализацияға негізінен «Қазақтелеком» АҚ иелік етеді. Бұл инфрақұрылымға өзге байланыс операторлары еркін қосылуға қатысты өтініштер білдірген болатын. Біз бұл мәселені осы қаралып жатқан заң негізінде реттеуді көздеп отырмыз. Ал басқа аспектілерге келетін болсақ, «Қазақтелекомға» тиесілі екі оператордың бірін сату жөніндегі мәміле аяқталып қалды. Бұл мобильді байланыс нарығына оң әсер етеді деп күтілуде. Ұялы байланыс сапасы да жақсарады», – дейді министрлік өкілі.
Асхат Оразбек заңға виртуалды байланыс оперторы ұғымы бекер енгізілмегенін, мұндай қызыметтердің салаға оң ықпал ететінін айтты. Бұл өз кезегінде тарифтердің төмендеуіне әкелмек.
Ал БҚДА өкілі Болат Сәмбетов ұялы байланыс нарығында 3 субъект бар екенін, оның екеуі «Қазақтелекомға» тиесілі екенін айтты. Агенттіктің Tele2 байланыс операторын ғана емес, сонымен бірге Kcell-ді де жеке секторға ауыстыруды ұсынып отырғанын жеткізді.
«Бұл салада мемлекет нарықтың 60 пайызына иелік етіп отыр десек те болады. Біз бұл мәселені бұрыннан бері қозғап келеміз. Агенттік салада ойыншылар санын көбейтуді ұсынды. Негізінен бұл салаға мемлекеттің қатысуы талап етілмейді. Сондықтан ақырындап бұл нарық мемлекеттің сектордан, жеке секторға көшкені абзал. Қазіргі таңда сол шаралардың алғашқы қадамы жасалып жатыр. Tele2-нің жекеге өтуіне қатысты жұмыстар аяқталып қалғанын білесіздер. Біз мұнымен қоса Kcel-ді де жеке нарыққа өткізуді ұсынып жатырмыз», – деді Сәмбетов.
Агенттік өкілі өткен жылдан бері тарифтердің көтеріліп жатқанын, кей тұстарда операторлардың заңнанаманы бұзу фактілері анықталғанын жеткізді. Айтуынша, бұл мәселе бойынша БҚДА мамандары қазіргі таңда тергеу жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, депутат Елнұр Бейсенбаев 2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифті 60%-ға дейін көтергенін айтты. Депутаттың айтуынша, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосқан. Солайша 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін өсіп, 59 пайызға қымбаттай түскен.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы 57%-ға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37 %-ға дейін көтерілген.