Астана тергеу соты экс-министр Ерлан Тұрғымбаевты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады – Бас прокуратура

Жарияланды (жаңартылды )
Құзырлы органдар Ерлан Тұрғымбаевты тергемек/ фото ҚР ІІМ архивінен

Қаңтар оқиғасынан екі жыл өткен соң, бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев тұтқындалды. Бұл жөнінде ақпаратты алдымен ҚазТАГ таратты. Кейін Бас прокуратура ресми түрде растады.

«29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде, ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды», – делінген хабарламада.

Астана тергеу соты Ерлан Тұрғымбаевты екі ай бойы күзетпеу ұстау туралы шешім қабылдады.

«Астана қаласының мамандандырылған тергеу соты 2024 жылдың 30 сәуірінде бұрынғы Ішкі істер министрі Е. З. Тұрғымбаевқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. ҚР ҚПК -нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасы.

Қаңтар оқиғасынан кейін лауазымды тұлғалар, әскерилер, ҰҚК қызметкерлері тергеліп, сотталды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз қызметінде қалған еді.

Осы атышулы іс бойынша ҰҚК-ның төрағасы Кәрім Мәсімов ҚК-ның 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз