Түркістан облысында 140-тан астам адам жер қойнауын заңсыз пайдаланған

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Түркістан облысында полиция жер қойнауын заңсыз пайдаланған 140-тан астам адамды анықтады. Бұл жөнінде облыс баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаментінің мәжіліс залында өткен жиында жер қойнауын пайдалану мәселесі талқыланды. Осы жиында құмды-қиыршық тас пен құрылысқа арналған саз топырақты заңсыз жолмен тасымалдап жатқандарға тоқсауыл қою керек екені айтылды.

«Заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау жұмысы жалғасады. Халыққа бұл заңбұзушылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік іс қозғалатыны, оның салдары мен қаупі туралы арнайы құрылған мобильді топ түсіндіруі тиіс. Карьер иелері тарапынан айтылған шағымдар ескерілді», – деген облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров тиісті құрылымдарға жұмысты ширатуды тапсырды.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов жер қойнауын заңсыз пайдаланған 142 адам ұсталғанын, экология департаментімен бірге 63 әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. 100-ге тарта техника (экскаватор, погрузщик, КАМАЗ, т. б. ауыр жүк көліктері) айыптұраққа қойылды. Табиғатқа залал келтірушілерді анықтау мақсатында рейдтік шаралар тәулік бойы жалғасуда. Осыған байланысты жыл басынан бері полиция 19 қылмыстық іс қозғады.

Былтыр заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында облыста 461 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, 276 техника айыптұраққа қойылған. 31,8 млн теңге айыппұл өндірілген.

Айта кетейік, 2023 жылы ғарыштан жасалған мониторинг нәтижесінде 77 кен орнында пайдалы қазбалар заңсыз өндіріліп жатқаны анықталған. Осыған байланысты 2503 дерек тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз