«Салғырттық пен шығындар үшін шенеуніктер заң алдында жауап беруі тиіс»: Депутат су тасқыны салдарын тексеруді талап етті

Жарияланды
Депутат су басқан өңірлерді тексеруді Бас Прокуратура деңгейінде ұйымдастыру қажет деп есептейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Осы кезге дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмай келген. Осылай деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Абзал Құспан су тасқынына дайын болмаған әкімдерді жауапқа тартуды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, биылғы табиғи апат Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқыны. 

«Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады», – деді депутат Бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған сауалында.

Абзал Құспан Қылмыстық кодекстің үшінші бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар барын еске салды. Биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұшырағанын және адам шығыны болғанын айтты. Осы орайда ол су басқан өңірлерді тексеруді Бас Прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептейді.

«Құлсарыға қатысты, жергілікті белсенділер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары Жем өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер  туралы мәселені былтыр, 2023 жылы көтеріп, жергілікті әкімшілікпен прокуратура тарапынан ешқандай қолдау таба алмағаны себепті, оларға сенбейді. Барлық тиісті құжаттар, фактілер менің қолымда бар», – дейді депутат.

Абзал Құспан су 2011 жылдан кем келмейтіні туралы сала мамандары өткен 2023 жылдан айта бастағанын жеткізді. «Бірақ сол су келіп жеткенге дейін тиісті шаралар қолданбады»,  – деді депутат өз баяндамасында.

«Әбден тақағанда жергілікті атқарушы орган паникаға салынып, бүкіл Республиканы дүрліктіріп, жан-жақтан техника мен еріктілерді алдыртты. Су деңгейі 10 метрден асып кетеді деп бөгеттер соқты, адамдарды шұғыл эвакуациялады. Қазақстанды айтпағанда шетелден гуманитарлық көмектер алдырды. Нәтижесінде келген судың максималды деңгейі 8 метр 64 см құрағанын көріп отырмыз. Бұл салғырттыққа және келген шығындар үшін жауапты шенеуніктер заң алдында жауап беруге тиіс»,- дейді ол.

Мәжілісмен 2011 жылы орын алған су тасқынынан БҚО билігі сабақ алмағанын айтты. Сол кезде де бүкіл маман өзен жағасынан үй салуға рұқсат бермеу керек деп дабыл қаққан болатын. Енді сол кезде суға кеткен жерлер тағы суға кеткенін атап өтті.  

«Ол аз болғандай, 2011 жылдан кейін Орал қаласының төңірегінен көрінеу суға кететін жерлерден жаңа тұрғын үйлер, іс жүзінде, жаңа мөлтекаудандар пайда болды. Соның бірі толықтай суға кетіп қалған «Нұрлы жер» ауданы. Схема өте қарабайыр, бірақ ол ондаған жылдар бойы еш кедергісіз жұмыс жасауда, әкімдікке жақын пысықтар мен пысықайлар гектарлап тегін жер алып алады да, қара халыққа он сотықтан бөліп сатады», – дейді Абзал Құспан.

Осыған байланысты Абзал Құспан соңғы 2-3 жыл көлемінде облыста жерге қатысты жемқорлық фактілерімен әкімдіктің, тіпті облыс прокурорының да лауазымды қызметкеріне сот үкімдері шыққанын айтты.

«Бұл фактілер тек БҚО мен Атырау емес, барлық өңірге тән жағдай. Бұдан шығатын қорытынды біреу – жер заңнамасына қатысты кең көлемді, кешенді тексеру тек Республикалық деңгейде ұйымдастырылса ғана нақты нәтиже болады деп есептейміз», -деп қортындылады депутат.

Еске салсақ, бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынына кінәлі тұлғалар тексерілетінін мәлімдеген еді.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен су тасқыны. Қазір бастысы – адам өмірін сақтап қалу және апат зардаптарын азайту. Кейін жекелеген лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарауының ықтимал фактілерін анықтау мақсатында егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетін болады.  Мен бұл мәселені Бас прокурормен талқыладым. Бүгінде барлық күш су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды. Бірқатар өңірде ТЖ режимі жарияланды. Менің бірінші орынбасарым Роман Васильевич Скляр ең қатты зардап шеккен өңірлерде жүр»,- деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ оқыңыз