Су тасқынынан бүлінген электр сымдарын жөндеуге қанша қаржы кетеді – Энергетика вице-министрі жауап берді

Жарияланды
Электр сымдарын жөндеуге 800 млн теңге керек болуы мүмкін / Коллаж: kursiv.media Блильд-редактор: Ахтам Зиперов

Су басқан аймақтарда электр қуатымен қамту мәселесі әлі өзекті. Тек Құлсары қаласының өзінде 970 абонент электр энергиясынан ажыратылды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов айтты. Министр орынбасары тасқыннан бүлінген электр бағандарын жөндеуге бюджеттен қанша қаражат кетуі мүмкін екенін де айтты.

Вице-министрдің сөзінше, электр қуатымен қамту мәселесі елдің 6 өңірінде өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде мәселе Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында толық шешілген.

«Тек ешкім тұрмайтын саяжайлардың жарығы сөніп тұр. Құлсары қаласында 970 абонент бүгінгі күні электр энергиядан ажыратылған. Су кетіп, қауіп сейілгеннен кейін электр желілер компаниясы электр энергиясын қосуға толық дайын. Жалпы СҚО-да бүгінгі күні төрт мыңға жуық абонент электр энергиясынан ажыратылған.  Ол жерде де барлығы эвакуакцияланған, ТЖ саласындағы әріптестеріміздің талабы бойынша ол жерде де электр жарығы сөніп тұр», –  деді вице-министр Сенат отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.

Сұңғат Есімханов Қостанай облысындағы Жанкелді ауданында 651  үй тоқтан ажырағанын айтты. Ондағы бүлінген бағандарды жөндеу үшін әзірге жолдың жоқтығы кедергі болуда. Екіншіден, эвакуация мәселесі бар.

 «Бірақ ол аудандарда электр желілер компаниясы, жергілікті атқарушы органдар тиісті дизельдік құралдар апарып жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Су кетіп сол жерде қосуға мүмкіндік болса тез қосылады. Ал бағаналарды жөндеу керек болса техниканы өткізудің жолдары қарастырылады. Жалпы екі-үш күн ішінде қосуға мүмкіндік бар. Бұл толық бақылауда»,-деп түсіндірді ол.

Вице-министр барлық бүлінген бағанды қалпына келтіруді электр желілері компаниясы толық өз мойнына алатынын мәлім етті.

«Тек Қостанай облысындағы Жангелді ауданында құлаған бағандарға төтенше жағдай бойынша есеп жасалып жатыр. Сол есепке мүмкін төтенше жағдай жанындағы бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Осы аптаның аяғына дейін толық ақпарат болады, нақтылаймыз. Қалған өңірлерде ешқандай бюджет шығыны болмайды. Электр желілері компаниясы бәрін өз қаражатынан жөндейді», – деді вице-министр.

Ведомство басшысының орынбасары Жангелді ауданындағы электр бағандарын жөндеуге бюджеттен қанша қаражат кететінін айтты.

«Бүгінгі алдын ала санауымыз бойынша, 800 млн теңгеге жуық болып тұр. Бірақ ол жақта да бизнес саласы көмектесіп жатыр ғой. Тиісті жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен қосымша керек болса, сондай көлемде қаражат бөлінуі мүмкін. Үйдің кіре-берісіне дейін электр желелілері компаниясының міндеті. Бағандарды да сымдарды да жөндеу тиісті компаниялардың мойнында », – деді Сұңғат Есімханов.

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстанда Жайық өзені бойындағы саяжайларда газ бен электр энергиясы өшірілгені туралы хабарлаған едік.

«Су тасқыны ықтималдығына байланысты Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау туралы 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V Заңының 56-бабына сәйкес, қауіпсіз жағдайлар жасау мақсатында Жайық өзені жайылмасында орналасқан саяжайларда газ және электр энергиясы бүгіннен бастап сөндіріледі», – деп хабарады БҚО әкімдігі.

Сондай-ақ оқыңыз