Алматыдағы автобус апаты: депутат жүргізушіге жасалған шабуылды террористік актіге теңеді

Жарияланды (жаңартылды )
Депутат қоғамдық көліктегі қауіпсіздікке алаңдаулы / Фото: архив kursiv.media

Депутат Магеррам Магеррамов Алматыда автобус жүргізушісіне шабуыл жасалған оқиғаны террористік актіге теңеді.

Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады.

«Алматыда ер адамның автобус жүргізушісіне шабуыл жасап, соның салдарынан үш жазықсыз адамның қаза тапқаны, төртеуінің жараланған оқиғасы бәрімізді есеңгіретіп тастады. Қаза болғандардың арасында көпбалалы ерлі-зайыптылар да бар. Олардың балалары жетім атанды. Біз қоғамдық көлік жүргізушілеріне күн сайын миллиондаған азаматтың өмірін сеніп тапсырамыз. Олардың өмірі ҚР Конституциясында көрсетілгендей – біздің ең жоғары құндылығымыз. Бұл ретте өз міндетін орындап жүрген қоғамдық көлік жүргізушісінің өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға қатысы тиісті шаралар уәкілетті тұлғалар тарапынан көзделмеген», – деді мәжілісмен.

Депутат автобус жүргізушісін оқшаулау шараларының болмауынан жүргізушілер көлікті басқарудан бөлек, жол ақысын қадағалауға, көліктегі тәртіптің сақталуына және жолаушыларға алаңдауға мәжбүр екенін жеткізді.

«Алайда қоғамдық көлікте жасалған қылмыстар, оның ішінде көлікті басқаратын адамдарға қарсы (жасалған қылмысты) қауіптілік деңгейі бойынша терроризм актісімен теңеуге болады. Өйткені жасалған қылмыстың салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапса, бұл қоғамдық көлік ішіндегі адамдардың ғана емес, соқтығысқан жол қозғалысына қатысушылардың да өліміне әкелетіні сөзсіз»,- деді депутат.

Магеррам Магеррамов азаматтарды қоғамдық көлікте тасымалдаудың қолданыстағы тәртібі қауіпсіздікке сай келмейтінін айтты. Осыған орай мәжілісмен Үкіметке бірнеше сауал жолдады.

«Қоғамдық көліктегі тұрақты бақылаушылар неге алынды? Сіз қоғамдық көлік жүргізушілерін толық оқшалау, автобустарды қайта жабдықтау үшін қажет шараларды қабылдайсыз ба? Жолдағы қауіпсіздікті және қоғамдық көлікте тәртіпті сақтау үшін сіз тұрақты негізде автобусқа бақылаушыларды тарту туралы шешім қабылдайсыз ба?»,- деп сауал жолдады депутат.

Еске салар болсақ, 2023 жылғы 22 желтоқсанда Алматыда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болған. 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізушімен жанжалдасып, жүргізушіні ұрып есінен тандырған. Осының салдарынан жүргізуші көлікті басқара алмай қалған. 

Үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты іс бойынша таяуда сот үкімі шықты. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен автобус жүргізушісін ұрған Дархан Ахмеджанов кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ оқыңыз