Жаңалықтар

Бишімбаевтың адвокаты жарыссөзде Нүкенованың қазасы, Байжановқа тағылған айып бойынша өз нұсқасын айтты

Бишімбаевтың адвокаты жарыссөзде сөйледі / ҚР Жоғарғы сот, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Астана сотында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. 2024 жылдың 3 мамырында Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов тараптардың жарыссөзі барысында марқұм Салтанат Нүкенованың неден қайтыс болғанына қатысты қорғау тарапының нұсқасын айтты.

Адвокат Ғазымжанов Бишімбаевты жасаған әрекеті бойынша соттауды сұрап отыр. Ол Бишімбаевтың Нүкенованың өліміне қатысы бар екенін мойындап отырғанын алға тартты.

«Бишімбаев өзінің Нүкенованың өліміне қатысы бар екенін жоққа шығармайды. Біз онда бұл жерге не себепті жиналдық? Бұл жерде басты сұраққа жауап беру үшін жиналып отырмыз: Нүкенова Бишімбаев оны өлтіргісі келгендіктен қайтыс болды ма? Әлде Бишімбаев оны ұрып, күшін есептегеннен қайтыс болды ма?» – дейді адвокат Ғазымжанов.

Қорғау тарапының пікірінше, Нүкенова мейрамхана залындағы кірпіш қабырғаға соғылған. Сол соққыдан алған жарақат оның өліміне әкеліп соқтырған.

«Айыптау актісіне сәйкес ол (Бишімбаев) оны (Нүкенованы) мейрамхана дәлізінде, VIP-бөлмеде ұрған. Дәліздегі ұрып-соғу әрекеті видеоға түсірілген. Бишімбаевтың телефонындағы видеоларда Нүкенованы ұрып-соққаны көрсетілмеген. Дәлізде түсірілген видеода Бишімбаевтың Нүкенованың басынан соққы жасамағаны көрінеді, шапалақпен бір рет ұрған. Соның салдарынан Нүкенованың басы кірпіш қабырғаға соғылған. Мидың қан кетуі де сол жерде пайда болған. Нүкенова оң қолымен басынан ұстаған. Кейінгі видеоларда ол басы ауырып тұрғанын айтқан», – дейді Ғазымжанов.

Адвокат Ғазымжанов сот тергеуі барысында Бишімбаевтың қасақана кісі өлтіргені дәлелденбеді деген пікірде.

«Бишімбаевқа Нүкенованың қайтыс болғаны тиімді болғанына нақты дәлел жоқ. Мұны түсініп отырсыздар. Одан Бишібаевқа пайда жоқ. Иә, Бишімбаевтың әрекеті салдарынан Нүкенова қайтыс болды. Оны ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ ол мұны әдейі жасаған жоқ, абайсызда жасалған қылмыс. Оны қасақана кісі өлтіру бабы бойынша емес, басқа қылмысы бойынша соттаңыздар. Оны қатыгездікпен ұрғанын айтсаңыздар, онда өлімге әкеліп соққан қатыгездікпен денсаулыққа ауыр зиян келтіруді қосыңыздар», – деді адвокат Ерлан Ғазымжанов.

Ол сондай-ақ сот барысында сотталушы Бақытжан Байжановқа тағылған айып бойынша да ойын айтты.

«Байжановтың куәгер ретінде тергеушіге берген жауабы ұнамағандықтан, ол сотталушылар қатарына қосылды. Тергеушіге Байжановты куәгер ретінде қалдыру тиімсіз еді. Егер ол іс бойынша куәгер болып қалса, оның берген жауабын қайда жібереді? Себебі Байжановтың соттағы жауабы Бишімбаевты қасақана кісі өлтіру бабы бойынша ақтап тұр. Тергеуші оны күдікті деп таныды, бұл жағдайда оның берген жауабына күмәнмен қарайды. Байжанов тергеушінің кез келген тәсілмен Бишімбаевты қасақана кісі өлтірді деп айыптау ниетінің құрбаны болды», – деді Бишімбаевтың адвокаты жарыссөзде.

2 мамырда болған сот отырысында жәбірленуші тараптың, Салтанат Нүкенованың отбасының, адвокаты Игорь Вранчев алқабилерге арнаған сөзінде олардың қолында Қазақстанның әрбір азаматының тағдыры тұрғанын айтқан.

«Бишімбаевты бірауыздан кінәлі деп тани отырып, сіздер бүкіл Қазақстанды, бүкіл халқымызды элитадағы паразиттерден тазартасыздар. 30 жыл бұрын Тәуелсіздік жарияланғанымен ешқандай ілгерілеу жоқ. Қарапайым халық, кедейлікпен, өз проблемаларымен бір жақта. Ал мына паразиттік қабатының қай сәтте пайда болғанын және ненің есебінен министрлер, ірі кәсіпкерлерге айналғанын білеміз», – деді Вранчев.

Адвокат Бишімбаевтың кінәсін мойындау биліктегі барлық адамдар үшін сабақ болатынын айтты.

«Бір адамды отырғызу арқылы сіздер осы процесті көріп отырғандандың барлығына, оның бостандыққа шығуын немесе шықпауын күткен барлық Бишімбаевтарға үлкен сабақ бересіздер. Егер ол бостандыққа шықса, онда олардың барлығына біздің елімізде 30 жылдан астам уақыт бойы істеген істерін жалғастыруға мүмкіндік бересіздер. Егер осы іс бойынша Бишімбаевтың жауапкершіліктен құтыла алса, елімізде ештеңе өзгермейтінін түсінемін. Бәрі одан әрі жалғасады», – деді ол.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованыөлтірді деген айыппен ұсталды.

Айта кетейік, Күдікті Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Президент Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

 11 наурызда өткен сотта Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Бірақ бұл айыптармен келіспеген ол істі алқабилердің қатысуы және ашық режимді қарауды сұрады.