Қазақстанда мемлекеттік активтерді сату ережесі өзгеруі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
активтерді
Мемлекеттік активтерді сату ережесі өзгереді. Фото: kursiv.media, бильд-редактор: Зиперов Ахтам

Қазақстан Үкіметі мемлекеттік активтерді сату ережесін өзгертпек. «Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларын бекіту туралы» қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында орналастырылып, қоғам талқысына шығарылды.

Енгізілетін өзгеріске сәйкес, саудаға қатысу үшін төленетін кепілдік жарнаның шекті мөлшері алынып тасталады. Бұған дейін актив құнының кем денде 15 пайызынан максимум 30 мың АЕК-ке (110,7 млн теңге) дейін кепілік жарна құя алатын. Енді аукционға қатысушы актив құнының тек 15 %-ын төлей алады.

Аванс немесе түпкілікті төлем мерзімі кешіктірілісе, төленбеген сомаға 0,5%-дай өсімпұл жүреді. Бұған дейін төлем кешіктірілсе, сатушы шартты бiржақты тәртiппен бұзып, сатып алушыдан кепiлдiк жарнамен жабылмаған шығынын өтеп алатын. Енді шарт бұзардан 10 кұн бұрын төленбеген соманың 0,5 пайызына тең өсімақы өндіріледі.

«Аванстық немесе түпкілікті төлемнің мерзімі он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге өткен жағдайда сатушының сатып алу-сату шарты бойынша мерзімі өткен әрбір күн үшін төленбеген төлем сомасынан 0,5 пайыз мөлшерінде өсімпұл алады», – делінген салыстырмалы кестеде.

Егер аванстық немесе түпкілікті төлемнің мерзімі он жұмыс күнінен асатын болса, сатып алу-сату шарты сатып алушыға кепілді жарнамен жабылмаған бөлігінде нақты шығындарды өтеу туралы талаптар қойыла отырып, біржақты тәртіппен бұзылады. Сонымен қатар тізілімнің веб-порталында қалыптастырылатын сауда-саттық нәтижелерінің күшін жою туралы актіге қол қойылады.     

Құжатта сатушыларға қатысты өзгерістер де бар. Мемлекеттік компаниялар аукцион туралы ақпаратты әлеуметтік желілерінде орналастырып, хабарламамен бірге тізілімнің веб-порталына сілтеме қосады. Ал хабарламаның өзінде енді мемлекет меншігіндегі бағалы қағаздарды сату туралы ақпаратты ашу қажет. Қаулыны талқылау 2024 жылдың 20 мамырына дейін жалғасады.

Үкімет биылдан бастап Парламентке мемлекеттік активтерге қатысты ұлттық баяндама ұсынатын болады. Құжат мемлекеттік активтердің жай-күйі, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі, мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстарды қамтиды.

Сондай-ақ оқыңыз