Сөз бостандығы рейтиңінде Қазақстанның көрсеткіші қандай?

Жарияланды
Сөз бостандығы рейтиңінде Қазақстан бір жыл ішінде 8 сатыға төмендеген / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

3 мамыр – халықаралық баспасөз бостандығы күні. «Шекарасыз репортерлер» ұйымының сөз бостандығы рейтиңінде Қазақстан бір жыл ішінде 8 сатыға төмендеген.

Ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы 180 елдің ішінде еліміз 134-орында болса, 2024 жылы 142-орынға түскен. Ұйым бұған тәуелсіз БАҚ өкілдері хабар таратып отырған интернет желісіне бақылаудың күшеюі әсер еткенін жазады. 

«1997 жылдан бері репрессивті реформалардан кейін елдегі БАҚ қазақстандық режимнің пропагандасына айналды. Бірнеше тәуелсіз медиа интернет арқылы тарап, тәуелсіз журналистер әлеуметтік желі арқылы хабар таратуға көшті», – деп жазған ұйым.

Бұдан бөлек, заңнама және әлеуметтік қолдау жағынан да сөз бостандығы индексі төмендеген. Заңнама бойынша: 2023 жылы – 139-орында болса, 2024 жылы – 148-орын. Әлеуметтік қолдау: 2023 жылы – 104-орында, 2024 жылы – 123-орын.

Алайда экономикалық және қауіпсіздік жағынан рейтиңтегі орны жоғарылаған. Экономикалық тұрғыдан: 2023 жылы – 143-орында, 2024 жылы – 137-орын. Қауіпсіздік: 2023 жылы – 133-орын, 2024 жылы – 125-орын.

Осыған дейін Алматы полициясы ProTenge басылымының негізін қалаушы Жәмила Маричеваны оқыстан әкімшілік хаттамаға қол қоюға шақырғанын еске сала кетейік. Бұл жөнінде Жәмиланың өзі фейсбук парақшасында жазба жариялады.

2024 жылдың қаңтар айында қазақстандық журналист және «Обожаю» YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов өзінің WhatsApp аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді. Бұған қоса, оның әйелі, ата-анасы мен әріптесі Назымгүл Күміспаевға да хакерлік шабуыл жасалған.

Былтыр  Kursiv.Media, ProTenge, Inbusiness.kz, КазТАГ ақпарат құралдары кибершабуалға ұшырады

Сонымен қатар Парламентте «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Айта кету керек бұл жоба талқыланған бір жылдан астам уақыт ішінде журналистер тарапынан келіспеген тұстары болған еді. Сәуір айының ортасында Мәжіліс депутаттары оны екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы Сенат қабылдауына жолданды.

Сондай-ақ оқыңыз