Air Astana акциялары сәуір айының соңынан 3 мамырға дейін 8,8%-ға қымбаттады. KASE саудасы кезінде бағалы қағаздың бағасы 29 сәуірдегі 904 теңгеден 3 мамырдағы жағдай бойынша 991,5 теңгеге дейін өсті. IPO-дан үш айға жуық уақыт өткен соң (9 ақпан) Air Astana акцияларды кері сатып алу (buyback) бағдарламасының басталғанын жариялады және 4,78 млн айналымдағы бағалы қағаздарды сатып алатынын хабарлады.
Листингтің басынан бастап кері сатып алу туралы жарияланғанға дейін компанияның акциялары құны 1190 теңгеден 904 теңгеге дейін төмендеді.
29 сәуірден бастап компания құнды қағаздары қымбаттай бастады. Ең жоғары өсім 30 сәуірде тіркелді – 904 теңгеден 955,51 теңгеге дейін. 3 мамырда кешкі жағдай бойынша акциялар 991,5 теңгеге тұрақтады. Соңғы 24 сағатта баға 3,4%-ға қымбаттады. Әуе компаниясы KASE индексінің өсім бойынша көшбасшысына айналды.
«Қазіргі уақытта бағалы қағаздардың IPO-дан кейін белгіленген ең жоғары деңгейге (жабу кезінде) жету әлеуеті шамамен 23%», – деп атап өтті Freedom Broker сарапшылары.
Freedom Broker наурыз айындағы болжамында Air Astana акцияларының бағасы 51%-ға, бір бағалы қағаз үшін 1600 теңгеге дейін (ЖДҚ үшін 14,1 доллар) өседі деп болжады. Осылайша сарапшылар акцияларды сатып алуға кеңес берді. Сарапшылар мұны соңғы жылдардағы операциялық және қаржылық көрсеткіштердің айтарлықтай өсуімен байланыстырды.
Еске сала кетсек, ақпанда IPO-сы өткен Air Astana әуе компаниясы Қазақстан биржаларында сатылған қарапайым акциялары мен жаһандық депозитарлық қолхаттарын кері сатып алмақ. Бұл туралы хабарлама Лондон қор биржасының (LSE) сайтында жарияланды.
IPO-cын нарық он жылдан аса күткен компания жария орналастырудан 2 ай өтер-өтпестен акцияларын кері сатып алатынын мәлімдеді. Оның мақсаты «еңбекті ынталандыру бағдарламасынан туындайтын компанияның міндеттемелерін орындау» екені жазылған.
Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында компания жалпы сомасы 12 млн долларға 4,8 миллионға жуық акция сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл бір акцияға шаққанда шамамен 1100 теңгені құрайды. Ал қазір қор нарығында компания акциялары 912 теңгеден саудаланып жатыр.
2024 жылдың бірінші тоқсанында компания түсімі мен өзге де кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,3% -ға өсіп, 264,7 млн долларды құрады. EBITDAR көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,9% өсіп, 50,0 млн долларға жетті.