2024 жылғы сәуірдегі іскерлік белсенділік индексі 50,6-ны құрады. Индекстің көтерілуі қызмет көрсету секторындағы көрсеткіштің жақсаруы есебінен болды. Бұл жөнінде Ұлттық банк ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірді.
Қызмет көрсету секторы мен өндірісте іскерлік белсенділік индексі тиісінше 51,5 және 50,7 болып, оң аймақта қалды (наурызда – тиісінше 50,5 және 51,1). Қызмет көрсету секторында көрсеткіш, негізінен, жаңа тапсырыс көлемінің өсуі есебінен жақсарды. Ал өндірісте тауарлы-материалдық қорлардың көлемі мен жұмыспен қамту деңгейі жоғарылады.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде көрсеткіш 47,0-ге дейін (наурыздағы 49,0-ден) төмендеді. Құрылыста аздап өскеніне қарамастан, индекс теріс аймақта қалып, 48,5 (наурызда – 48,2) болды. Аталған секторларда жұмыспен қамту деңгейі біршама төмендегені байқалады.
ІБИ – нақты сектордағы экономиканың жай-күйін сипаттайтын көрсеткіш. Іскерлік циклдің экономикалық үрдістерінің, шекті және бұрылыс нүктелерінің серпінін зерттеуге мүмкіндік береді. ІБИ Қазақстан Ұлттық Банкі жүргізетін кәсіпорындарға ай сайынғы сауалнама нәтижелері бойынша дайындалады және кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштерінің нақты өзгерістеріне және олардың болашақта өзгерісі туралы күтулеріне қатысты сұрақтарға кәсіпорындардың жауаптарының жиынтығын қамтиды.
Бизнес-ахуал индексі сәуірде 16,9-ға дейін көтерілді. Бизнес жүргізудің қазіргі және болашақ жағдайлары оң бағаланады. Болашақ бизнес жағдайларға қатысты оптимизм жақсарды. Бұл ретте қазіргі бизнес жағдайды бағалау біршама төмендеді. Нәтижесінде бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында қалды.