Қазақстандық 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек бар

Жарияланды
Шығарушы редактор
банктің
Банктер мемлекетке қанша қаржы қайтаруы керек? Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазіргі кезде Қазақстандағы 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек бар. Олар: БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank. Бұл көмек қаржыны 2017 жылғы сауықтыру бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық Банкі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ берген.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Курсив» сауалына берген жауабында жазылған.

«Қазіргі уақытта бес банктің (БанкЦентрКредит, Еуразиялық банк, Bank RBK, Jusan Bank және Nurbank) балансында 1 487,4 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік көмек бар. Бұл қаражат мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық талаптарында ұсынылған. Өтеу талаптары жасалған шарттарда айқындалған», – делінген жауапта.

Жақында Halyk Bank 250 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік көмекті толығымен мерзімінене бұрын өтеді. Ал Jusan Bank «Самұрық-Қазына» қорынан мерзімінен бұрын 100 млрд теңгенің реттелген облигацияларын сатып алды. Bank RBK болса 12,9 млрд теңге мөлшерінде мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын ішінара қайтарған.

«Осылайша, жоғарыда аталған банктер 2023 жылдан бастап ағымдағы күнгі жағдай бойынша жалпы сомасы 362,9 млрд теңгеге мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын қайтаруды жүзеге асырды», – делінген жауапта.

Ұлттық банк 2017 жылы қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасын бекіткен еді. Сол бағдарлама аясында елдегі 6 банк мемлекет қолдауына ие болған.

Банк секторының жағдайы қандай?

ҚНРДА нарықтағы 21 банктің бәрі пруденциялық нормативтерді, оның ішінде капитал жеткіліктілігі бойынша талапты орындап отырғанын айтады. Сектордағы ықтимал дағдарысқа қарсы тұрарлық қоры да бар. Банк секторы тұрақты және негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпінді сақтап отыр.

Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, банк секторының жалпы активі 52,9 трлн теңгені құрайды. Активтердің басым бөлігі сапасы тұрақты кредиттік портфельге тиесілі. Несие портфеліндегі жұмыс істемейтін NPL қарыздардың үлесі 3,1%-ды құраған.

ЕДБ-нің өтімділігі жоғары активтерінің қоры қомақты. Оның орташа айлық мәні 15,7 трлн теңгені немесе активтердің 29,8% құрайды. 2024 жылдың басынан бері 4,8%-ға артқан.

Екінші деңгейді банктердің міндеттемелері 45,4 трлн теңгені құрап тұр.

«2024 жылдың басынан бері өсу 1,9%-ды құрады. Банктердің жиынтық міндеттемелерінде ең көп үлесті клиенттердің салымдары алады – 78,8%, олардың мөлшері 35 772 млрд теңгені құрайды (2024 жылдың басында 35 091 млрд теңге немесе жиынтық міндеттемелердің 78,7%), 2024 жылдың басынан бастап өсу – 1,9%. Реттеушілік капитал 8 129 млрд теңге мөлшерінде қалыптасты. Капиталдың жеткіліктілік коэффициенттері: k1 – 19,4%; k1-2 – 19,4%; K2 – 21,4%», – делінген жауапта.

Сондай-ақ оқыңыз