Қазақстанда жеке және заңды тұлғаларға бір ғана ЭЦҚ кілті беріледі

Жарияланды
Жеке және заңды тұлғаларға бір ЭЦҚ кілті беріледі / коллаж kursiv.media (egov.kz және shutterstock), бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстандағы жеке және заңды тұлғалар енді екі ЭЦҚ кілттің орнына біреуін ғана ала алады. Ол жеке тұлға ретінде және заңды тұлға ретінде аутентификацияға да, қолтаңба үшін де пайдаланылады. 

«Бұрын шығарылған барлық тіркеу куәліктері жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сақталады», – деп хабарлайды Ұлттық куәландырушы орталық.

Ұлттық куәландырушы орталықтың ГОСТ 2015 жаңа криптографиялық стандартына көшуіне мүмкіндік беретін технологиялардың дамуына байланысты ЭЦҚ берудегі өзгеріс енген.

«ГОСТ 2015 жаңа алгоритмін қолдауды жаңартылған NCALayer (Цифрлық министрлік хаттамаларын пайдалану үшін қажетті бағдарлама) қамтамасыз етеді. Жаңа нұсқа шыққаннан кейін бағдарлама автоматты түрде пайдаланушыны NCALayer-ді жаңартуға шақырады. Ал ГОСТ 2015 жаңа стандартын мобильді қосымшада пайдалану үшін eGov Mobile қосымшасын жаңарту қажет», – деп хабарлады компания. 

Сондай-ақ орталық заңды тұлғалардың пайдалануына арналған ЭЦҚ кілттерінің талап етілмеген түрлерін қолжетімді тізімнен алып тастауды жоспарлап отыр: 

  • «Қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар қызметкер»;
  • «Кадрлар бөлімінің қызметкері».

ЭЦҚ кілті флеш-картамен берілмейді

Цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов электрондық цифрлық қолтаңбаны флеш-картада беруге тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеп жатқанын хабарлады. Қауіпсіздік шараларын күшейтпесе, азаматтардың жеке деректері қолды болуы мүмкін екенін ескертті.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі биометриялық сәйкестендіру бойынша электронды цифрлы қолтаңба мен бұлтты ЭЦҚ-ның кілттерін алу алгоритмін әзірледі. Бұл жоба пилоттық режимде жүргізілмек.

ҰКО мәліметінше, ЭЦҚ-ны шет елдердегі ҚР елшіліктері мен консулдықтары арқылы алуға болады.  Аталған орталық шетел қалаларындағы 59 дипломатиялық өкілдігінің тізімін ұсынды. Бұл пилоттық жобаны Цифрлық даму министрлігі ҚР Сыртқы істер министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп іске асырды.

Сондай-ақ оқыңыз