Екібастұзда кәріз жүйесіндегі проблемаларға байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланады

Жарияланды
Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланады / Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі, бильд-редактор: Артур Алескеров

Павлодар облысы Екібастұз қаласында техногендік сипаттағы ТЖ режимі енгізілетін болады. Мұның бәрі кәріз жүйесінде апаттық жағдайға, яғни желілердің 90% тозып кеткеніне байланысты. Осы жылдың басынан бері Екібастұзда екі кәріз жүйесінде апат болған.

Екібастұз әкімі Аян Бейсекин техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялауға шешім қабылдаған. Тиісті құжат «Ашық НҚА» сайтында жарияланды. 

«Техногендік сипаттағы ТЖ жою басшысы болып Екібастұз әкімінің орынбасары Ержан Салханов тағайындалсын және төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізуді тапсырсын», – делінген қала әкімінің шешімінде.

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ТЖ режимін кәріз жүйесіндегі жөндеу жұмыстарымен байланыстырып отыр. Бір апта бұрын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұзға барып, жүйені жөндеуді дереу бастауды тапсырды. 

«Апатты жағдайда 2 260 метр желі бар, яғни жүйенің 90% тозған. Көптеген жарықтар мен құбырдың жоғарғы бөлігінің ішінара құлауына байланысты өткізу қабілеті төмендейді және үнемі төтенше жағдай болады. 2024 жыл өзінде екі апат болған», – деп хабарлады облыс әкімдігі.

ТЖ алдын алу және жою жөніндегі қалалық комиссияның отырысында Байханов жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастауды тапсырып, сметалық есеп жасауды бастаған.

Айта кетейік, 2022 жылы қыста Екібастұздағы жылу электр орталығында апат болып, қала халқы жылусыз қалды. Орталық Азия энергетикалық компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Орал Екібастұз жылу электр орталығына жаңғырту жүргізуге 15 млрд теңге қажет екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз