«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің халыққа негізсіз есептелген қарызды қайтару туралы ұйғарымына қатысты сотқа шағымданды.
Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар Табиғи монополияларды реттеу комитетінің халыққа 1,2 млрд теңге қайтару туралы шешімімен келіспейді.
Бұған дейін комитет Бас прокуратураның талабы бойынша кәсіпорынның филиалдарын тексеріп, газды кесу, пломбалау және бастапқы іске қосу қызметтері үшін компания негізсіз ақша өндіріп алды деген қорытындыға келген. «ҚазТрансГаз Аймақ» осы шешімге келіспеген.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 24-бабы 2-тармағына сәйкес газ қосу жұмысын газ тарату ұйымы және қосылатын абоненттер есебінен жүзеге асырады. Бізге тұрғындар тарапынан газ тарту туралы шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. 2022 жылдан бастап пломбалауды тегін жүргіземіз», – деп атап өтті компания.
«ҚазТрансГаз Аймақ» ақпаратына сүйенсек, компанияның үстінен Бас прокуратураға шағымды «Бірлік Газ» заңды тұлғалар ұйымы түсірген. Ол компанияның тұтынушысы да, тұтынушылардың өкілі де емес.
Бұған дейін «ҚазТрансГаз Аймақ» тұтынушыларына негізсіз есептелген 1,2 млрд теңге қайтарылатыны хабарланды.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалдарының қызметін тексерген. Нәтижесінде оның қызметіне жатпайтын қосымша талаптарды белгілеп, кесу, пломбалау және газды бастапқы іске қосу қызметтері үшін тұтынушылардан ақы алған. Осы қызметтер үшін негізсіз есептелген сома шамамен 1,2 млрд теңгені құраған.