Алматының орталығында ыстық су құбыры жарылып, жол опырылды

Жарияланды
Түнге дейін ыстық су өшіріледі / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Алматыда Сәтбаев-Байтұрсынов көшелерінің қиылысында жылу трассасының екпіні салдарынан құбыр жарылып, асфальт жол опырылып қалған.

«Алматы жылу желілері» ЖШС ақпаратына сүйенсек, мамандар екпінді судың бетін қайтарды. Зақымды жою үшін жақын маңдағы көшелерде ыстық су өшірілді.

«4 мамырда Байтұрсынов көшесімен Сәтбаев көшесінің қиылысында болған жылу трассасының екпіні салдарынан құбыр жарылып, ол дер кезінде оқшауланды», – делінген хабарламада.

Құбырды жөндеу үшін мамандар Масанчи-Сәтпаев-Марков-Құрманғазы көшелерінің аумағындағы ыстық суды уақытша өшірді. Оны түн ортасына дейін қосу жоспарланған.

Әлеуметтік желілерде оқиғаның бейнежазбалары тарап кетті. Онда көліктердің ыстық суды кешіп өтіп бара жатқаны көрінеді. Асфальттың үстіне бу көтерілген.

Видео: Kris_p_almaty

Зақымдалған құбыр, «Алматы жылу желілері» мәліметі бойынша, 1988 жылдан бері жұмыс істеген. Бұл магистральды қайта жөндеу 2025 жылға жоспарланған. Биыл қайта жөндеу жобасы сараптамадан өтуде.

Видео: Kris_p_almaty

15 сәуірден бастап Алматы қаласында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде жылу кезең-кезеңмен өшірілген.

Әкімдік ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы жылыту маусымына дайындық  аясында Алматы қаласының табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламасы бойынша («АлТС» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «АТЭС» ЖШС) және жергілікті бюджет есебінен 30 млрд теңге бөлінген.

2024-2025 жылдарға жылыту маусымына дайындыққа 35 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы қосымша 32 млрд теңге бөлу жоспарлануда.

Сондай-ақ оқыңыз