«Қазақтелеком» өзінің еншілес компаниясы «Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейді) Катар холдингі Power International Holding (PIH) компаниясына сату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтындағы хабарламада айтылған.
Акционерлердің басым бөлігі ұялы байланыс операторын сатуға дауыс берді.
«Қазақтелеком» компанияға тиесілі қатысу үлесін Power International Holding (PIH) немесе PIH 100% иелігіндегі PIH еншілес ұйымының пайдасына сату арқылы «Мобайл Телеком-Сервис» мүшелігінен шығады», – деп жазылған хабарламада.
Ұялы байланыс операторын сату туралы шешімді «қолдап» 8,6 млн дауыс, «қарсы» – 6,6 мың дауыс берілді. «Қалыс қалғандар» – 995,7 мың.
Сонымен қатар акционерлер жиналысында «Қазақтелеком» 2023 жылға бір қарапайым акцияға 2 096,6 теңге, жалпы сомасы 93 млрд теңге дивиденд немесе шоғырландырылған таза кірістің 24,79%-ын төлейтіні белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін операторлардың бірін сату туралы әңгіме Қазақстанда көптен бері айтылып келеді. Кейін компания жыл соңына дейін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні (Tele 2 және Altel брендтері) сататыны анықталды.
Қазіргі уақытта – «Қазақтелеком» «Мобайл Телеком Сервис» жалғыз акционері. Сондай-ақ мемлекеттік холдингке Kcell акцияларының 51%-ы тиесілі.
Кейін Қатардың Power International Holding холдингі Tele2 және Altel брендтерімен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ні сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
Power International Holding – бұл экономиканың түрлі секторларын қамтитын Қатар конгломераты. Компанияда 65 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, әлем бойынша 1000-ға жуық түрлі жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2022 жылдың қазан айында Қатар Әмірінің Қазақстанға ресми сапары аясында холдинг Астанада құны 300 миллион долларға жуық ірі халықаралық медициналық кешен салу туралы Меморандумға қол қойған болатын.