2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда ЖІӨ құрылымындағы ең жоғарғы үлес Алматы қаласы (20,6%), Атырау облысы (12,4%) және Астана қаласына (10,7%) тиеселі болды. Бұл туралы 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығындағы ҚР жалпы өңірлік өніміне қатысты статисткалық есептен белгілі болды.
Есепке сәйкес аталған уақыт аралығында өндірілген ЖІӨ көлемі алдын ала деректер бойынша 120 561 096,4 млн теңгені құрады. ЖІӨ алдыңғы жылмен, яғни 2022 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 5,1% ға өсті.
Осы кезеңде жалпы өңірлік өнімнің жоғары өсім қарқыны Жетісу облысында (16,2%), Алматы қаласында (10,1%) және Атырау облысында (9,7%) байқалды.
Сондай-ақ жан басына шаққандағы ЖІӨ 6058,3 мың теңгені құрады. Бұл ретте өңірлер бөлінісінде Атырау облысы (21401,2 мың теңге), Алматы қаласы (11310,4 мың теңге) және Астана қаласы (9247,0 мың теңге) көш басында. Ал Жетісу (2754,6 мың теңге), Жамбыл (2547,1 мың теңге) және Түркістан (1955,5 мың теңге) облыстарында көрсеткіш төмен.
Ал жалпы экономика бойынша еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғанға 11461,4 мың теңгені құрады және алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты мәнде 4,6%-ға өскенін көрсетті.
Алаңдайтын нәрсе аталған кезеңде еңбек өнімділігі (+4,6%) ЖІӨ өсімінен (5,1%) артта қалған.
«Бұл экономиканың өнімділік пен технологияның артуы есебінен емес, шикізаттың қосымшасы немесе төмен технологиялы өндірістердің арқасында өскенін білдіруі мүмкін», – дейді экономист Ғалымжан Айтқазин.