Елімізде Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды

Жарияланды
Бұл орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді /Фото: kursiv.media

Елімізде Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды. Премьер-министр Олжас Бектенов Орман қорын күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулыға қол қойды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы жаңа Республикалық азаматтық қорғау қызметі ТЖ кезінде, оның ішінде орман өрттерін сөндіру барысында орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Орман өрттеріне қарсы іс-қимыл ормандарды көбейтуге және ағаштарды кесуге ғылыми тәсілді, сондай-ақ кешенді алдын алу шараларын қабылдау мен тиісті құзыреттерді дамытуды қажет етеді. Бөлек қызмет құру қажеттілігі осындай талаптардан туындап отыр. Орман қорын күзету және қорғау қызметінің құрылуы мемлекеттік органдардың алапат орман өрттеріне қарсы күрес шараларын үйлестіруін жақсартуға, тиісті мекемелерді техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және оларды сөндіру үшін білікті кадрлар құрамын жасақтауға мүмкіндік береді деп күтілуде»,-делінген Үкіметтің хабарламасында.

Үкімет ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қазіргі уақытта Қазақстанда 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі бар.

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі өрт оқиғалары көбейетін маусымға дайындалуда.  Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі 158 мемлекеттік орман иеленушіні тексерген. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес деп мәлімдеді.

Еске салсақ, таяуда Абай облысы Бородулиха ауданындағы «Семей Орманы» табиғи резерваты филиалының аумағында тағы да орман өрті шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, орман өрті шыққан аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан. Өртті сөндіруге Абай облысы ТЖД және орман шаруашылығы күштері жұмылдырылған.

Сондай-ақ оқыңыз