Павлодар облысы әкімінің орынбасарын бопсалаған әйелге үкім шықты, ол 3 жылға сотталды

Жарияланды
Сот 39 жастағы әйелге аса ірі көлемде бопсалау ісі бойынша үкім шығарды / Фото: kursiv.media

Павлодар облысы әкімінің орынбасарынан ақша бопсалаған әйелге қатысты сот үкімі шықты.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 39 жастағы әйелге аса ірі көлемде бопсалау ісі бойынша үкім шығарды. Сот процесі алқабилердің қатысуымен өтті.

«194-баптың 4-бөлігі 2-тармағы («Бопсалау») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтеу тағайындалсын», – деді үкімді оқыған судья Нұрлан Айтбаев.

Іс бойынша жәбірленуші – Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов. Айыпталушы кінәсін мойындамады. Ол жарыссөз барысында Серік Батырғожиновтан уәде етілген ақшаны беруді ғана сұрағанын айтты. Кінәлі деп танылған әйел сот залында қамауға алынды.

Еске салсақ, осыған дейін әлеуметтік желіде Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновқа қыз зорлады деген айып тағылған еді. Алайда лауазым иесі бұл айыптаумен келіспейтінін, өзіне жабылған жала екенін айтып, әйелді сотқа берген. Аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жүргізілген. Айыптаушы тараптың ұсынған фактілері тексерілген және расталмаған. Іс сотқа жолданған болатын.

Еске салсақ, бұған дейін Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Көштібаевтың 11 жылға сотталғаны туралы хабарлаған едік. Ол қызметтік міндеттерін орындау кезінде адам зорлағаны үшін кінәлі деп танылды.

Жетісу облыстық сотының ақпаратына сүйенсек, Марат Көштібаевқа 2023 жылғы 12 қарашада қызметтік міндеттерін атқару кезінде жәбірленушіні полиция ғимаратындағы өз кабинетінде зорлады деп айып тағылған. 

Прокурор оған ұсынылған бап бойынша ең көп жаза мерзімін — 12 жыл тағайындауды сұрады. 

«Сот үкімімен Көштібаев кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада. 

Сондай-ақ оқыңыз