Сәуірді сәтті аяқтаған теңге мамыр айының басында нығая түсті

Жарияланды (жаңартылды )
тенге, теңге
Мамыр айының басында теңге нығая түсті / shutterstock

Сәуір айында ұлттық валюта бағамы 1,1%-ға, яғни 1 доллар үшін 446,9 теңгеден 442,05 теңгеге дейін нығайды. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда-саттық көлемі бір айда 225 млн доллардан 234 млн долларға дейін жеткен. Жалпы сауда-саттық көлемі 1 млрд долларды құрады. Биржада валютаға сұраныс артқан сайын төл валюта бірден нығайды. Сарапшылардың бір бөлігі  мұны Ұлттық қордан сатылған валютамен байланыстырса, тағы бірі сыртқы факторлардың әсеріне балады.

Мамырда бағам қалай құбылады?

4 сәуір Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда-саттықта теңгенің АҚШ долларына шаққандағы орташа сараланған бағамы жұмамен салыстырғанда 0,6%-ға (2,48 теңгеге) нығайып, 441,66 теңгені құрады. Жұма, 4 мамырда, орташа сараланған бағам 1 долларға 444,14 теңге болған.

KASE мәліметіне сәйкес, сенбі, 5 мамырда, АҚШ доллары бойынша сауда-саттық көлемі 289,184 млн долларды құрады. Бұл 4 мамырдағы саудадан 40 млн долларға жоғары. Демек, сәуірде нығайған теңге, мамырда да жағымды динамика көрсетті. Сарапшылар мұны Ұлттық қордан сатылған валютамен байланыстырады. Мәселен, қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев ұлттық валюта бағамына тек ішкі факторлар әсер ететініне сенімді.

«Бізге мұнай және Ресей рублі әсер еткен жоқ. Бірақ теңгенің осы аптада 442-ге дейін нығаюына не әсер етті? Конверсиялар. Елге ақша керек – оны алудың ең ыңғайлы жолы – Ұлттық қор. Ұлттық қордан түскен ақша Қаржы министрлігінің қазынашыларына жетуі үшін биржадан өтуі керек. Ең болмағанда валюталық бөлігі – теңгелік бөлігі тікелей кетеді. Тұрақты ұсыныс болған кезде биржада не болады? Бұл бағаға қысым жасайды. Кез келген басқа нарық сияқты қор биржасында сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істейді. Ұлттық қордан наурыз-сәуір айларында қанша қаражат алатын болсақ, сыртқы факторлардан тәуелсіздігіміз шектеледі. Бірақ бұл мұнай бағасының күрт және ауқымды өзгеруі немесе рубльдің айтарлықтай құлдырауы жағдайында бізде тұрақтылықты сақтау үшін ішкі факторлар жеткілікті болады дегенді білдірмейді», – деп жазды сарапшы өзінің Телеграм арнасында.

Теңге долларға ғана емес, еуро, рубльге қатысты да нығайды

5 мамырдағы жағдай бойынша теңгенің шетел валютасына шаққандағы бағамы: 1 ресей рублі – 4,81 теңге, 1 еуро – 476,76 теңге. Бұдан ұлттық валютаның өзге ел ақшаларына қатысты да нығайғанын байқауға болады. Бұл ретте Alpari сарапшысы Анна Бодрова KASE валюталық секциясындағы сауданың негізгі үлесі доллар/теңге жұбына тиесілі екенін атап өтті. Алайда ол басқа факторларды да жоққа шығармады.

«Теңгенің рубльге қатысты нығаюы Мәскеу биржасында ресейлік валютаның әлсіреуімен байланысты. Әлемдік аренада еуро бағамы да үнемі қысымға ұшырайды. Бұл еуро айырбас бағамының құлдырауына себеп болды», – деді маман.

Алайда сарапшы мамырда Ұлттық қордан аударымдар алдыңғы аймен салыстырғанда біршама төмен болуы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты сарапшы ұлттық валюта бағамы айтарлықтай нығаймайды деген тоқтамға келген.

«Ұлттық банктің мамыр айында Ұлттық қордан аударатын бюджеттік трансферттерінің көлемі сәуірге қарағанда біршама төмен болады. Осыған байланысты ішкі нарықтағы валюталық ұсыныстың параметрлері біршама төмендейді. Сондықтан мамырда теңге нығая түседі деп есептемейміз», – деді сарапшы.

Бас банк теңге динамикасын нарық қатысушыларының болжамдарымен байланыстырды

Еске сала кетсек, бұған дейін бас банк 2024 жылғы мамырда Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылатынын хабарлады.

«Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың болжамдарына, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады», – деп хабарлады Ұлттық банк.

Сондай-ақ оқыңыз