«Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын»: Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты

Жарияланды
Бишімбаев пен Байжановтың соттағы соңғы сөзі / коллаж kursiv.media (Асқар Ахметуллин), бильд-редактор: Аружан Махсотова

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе айыпталып отырған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты.

«Менің сол түнгі әрекеттерім мен жақсы көретін адамның өліміне, оның ата-анасының, отбасының, достарының қасіретіне себеп болды. Мен тағы да олардан кешірім сұраймын», – деп бастады сөзін Бишімбаев.

Ол өз ата-анасы мен балаларынан кешірім сұрап, бұл іске тек өзінің кінәлі екенін айтты.

«Мен ешкімге өлім тілеген емеспін. Сол кеште де жұбайыма өлім тілеген жоқпын. Іс бұлай аяқталады деп ойламадым. Мен кінәлімін, бірақ қасақана адам өлімінде емес. Өзім ұсталған кезден бастап, сол күндегі жағдай туралы айтып келдім. Жазадан құтылып кетуге барлық мүмкіндігім болса да, қашып кетпедім», – деді ол.

Ол тергеудің әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы ақпаратқа мән бергенін атап өтті. 

«Экспертиза нәтижесі бойынша оның өлімінің себебі тамыр жарылып, гематома пайда болған. Ол тамырды әдейі жара салу мүмкін емес», – деді ол.

Бишімбаев сотта куәлік еткен суд медициналық маманы Тахир Халимназаровтың пікіріне күмән келтіретінін айтты. Ол билік органдарының соттағы жұмысы өзін айыптауға бағытталғанын, жан-жақты жүргізілмегенін, әлеуметтік желіде әртүрлі жалған ақпараттың пайда болғанын атап өтті.

«Нацистік Германияда пропаганда министрінің «Біздің өтірігіміз неғұрлым қорқынышты болса, оған сену оңайырақ болады» деген сөзі болған. Бұл жағдайда соған ұқсайды. Жәбірленуші тараптың адвокаты мені бұрынғы қызметіме назар аударуды сұраған. Бұрақ мені қазір ол үшін соттап жатқан жоқ», – деді Бишімбаев.

Ол өзінің орнында экс-министр емес, қарапайым азамат болса, «Оған мұндай айып тағылар ма еді? Жалған ақпарат тарайтын ба еді?» деп сұрады.

«Салтанаттың өліміне қатысым бар. Оның өліміне кінәлімін. Осы үшін жауап беруге дайынмын. Оның денсаулығына қасақана зиян келтірдім. Осының әсерінен ол абайсызда қайтыс болды. Мен кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын», – деді ол.

Бұдан бөлек, ол алқа билерге өз ойымен дауыс беріп, сырттан көрсетілетін қысымға назар аудармауды сұрады. Олардан әділ болуды сұрады.

Осыдан кейін айыпталушы Бақытжан Байжанов соттағы соңғы сөзін айтты. Ол Салтанатқа қатысты қылмыс жасалғанын білсе, ағасының бұйрығын орындамай, Салтанатқа көмектесуге әрекет жасар едім деп атап өтті.

«Өз әрекетімнің қылмысты жасыру болып есептелетінін білсем, мұндай әрекетке бармас едім. Сіздерден шешім қабылдамас бұрын «мен қылмыс жасалғанын білді ме» деген сұраққа жауап берулеріңізді сұраймын. Себебі тергеушілер де, прокурорлар да бұл сұраққа жауап бере алмады», – деді Байжанов.

Бұдан кейін ол Салтанатты еске түсіріп, оның жақсы адам болғаны туралы айтты. Салтанаттың отбасынан, жақын адамдарынан кешірім сұрап, жазаға дайын екенін атап өтті.

2023 жылы 9 қарашада Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен ұсталды.

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесі 11 наурызда басталды. Бишімбаевқа қылмыстық кодекстік 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша және 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көрсетілген қылмыстық әрекетті жасады деген айып тағылған. Қуандық Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз