Жаңалықтар

Тоқаев «Костенко» шахтасындағы өрттің алдын алған кеншіні «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады

Айбар Қосанов
Шахтадағы өрттің алдын алған Айбар Қосанов / Фото: t.me/qarmet_news

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Костенко шахтасындағы өрттің алдын алып, адамдарды эвакуациялауға көмектескен «Qarmet» кеншісін «Еңбек Даңқы» орденімен марапаттады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен жанкешті және жемісті еңбегі үшін «Qarmet» акционерлік қоғамының Костенко атындағы шахтасының жерасты учаскесінің электр слесарі Айбар Бекболатұы Қосанов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2 мамырда Қарағандыда Костенко атындағы шахтада конвейер кен орнынада түтін шыққаны туралы хабарлады. Бірақ шахтада ақау дер кезінде жойылып, жұмысшылар өрттен аман қалған.

ТЖМ хабарлауынша, конвейер трассасының электр слесарі Айбар Қосанов алғашқы өрт сөндіру құралдарының көмегімен өрт ұшқынын жойған. Шахтер оқиға туралы хабарлаған кезде басқару бөлмесіне бықси бастаған түтін cебебінен дабыл қосылған. Солайша өрт қаупінің уақытында беті қайтқан. Бірақ оған қарамастан, басқа шахталардағы кеншілерді эвауациялау туралы шешім қабылданып, 187 кенші жер бетіне шығарылған.

Бұл оқиғадан екі күн көткен соң, «Qarmet» ақаудың неден болғанын түсіндіріп берді. Баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 2 мамырда компанияның көмір департаментіне қарасты Костенко шахтасының К3 қабатының 4 конвейерлік штрегінде түтін тараған. Түтіннің шығуына төменгі кенептің ролигіне бөгде заттың қысылғаны себеп болған. Осының салдарынан ролик тежеліп қалып, лента үйкеліп, түтін шыққан.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АМТ» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды.