KazChess Қазақстан шахмат федерациясы Қызылорда қаласының мектебінде шахмат сыныбын ашты

Жарияланды
шахмат
Қазақстан шахмат федерациясы Қызылордада шахмат мектебін ашты / Фото: KazChess

2024 жылдың 6 мамырында KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы Freedom Broker және КҚ «Freedom Шапағат» қолдауымен Қызылорда қаласындағы Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған сыныптары бар мектепте Шахмат сыныбы ашылды. Бұл жайлы KazChess шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанның тағы бір қаласында шахмат сыныбының ашылуы – KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының Оқу-ағарту министрлігімен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылған. Бұл шара «Білім берудегі шахмат» жобасын ілгерілетуді көздейді. Сонымен бірге пилоттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес «Бастауыш сыныптағы балаларды шахматқа баулып, шахмат ойнайтын балалар үлесін 20 пайызға арттыру.

Шахмат сыныбының ашылуы салтанатына KazChess-тің Қызылорда қаласындағы филиалының атқарушы директоры Сұлтангүл Тұяқбаева мен Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Сәдуақасова, Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев қатысқан.

Аталмыш жобаны қолдауға Гиннес рекордтар кітабының әлемдік рекордсмені, ҚР Туризм және спорт министрлігінің амбассадоры, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атты қазақ палуандарының дәстүрін жалғаушы Сергей Цырульников те келген. Ашылу салтанатына қатысқан қонақтар мектеп оқушыларымен шахмат ойнап, жаңа сыныптың мүмкіндіктерін жоғары бағалаған.

 «Биыл Қазақстан шахмат федерациясы жүйелі өзгерістер мен реформалардан өтуде. Бұл өз кезегінде көптеген бастамалар, ең алдымен, жас қазақстандықтар арасында шахматты дамыту мен насихаттаудың берік негізі болуы тиіс. Бүгінгі таңда «Білім берудегі шахмат» жобасы Kaz Chess жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қызылордада шахмат сыныбының ашылуын осы бағдарламаны жүзеге асырудағы маңызды қадамыміз деп санаймыз. Осы үлес балалардың шахмат ойынына деген сүйіспеншілігін тудырып, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жүздеген, мыңдаған мектептер үшін эталон болады деп сенем. Өйткен жақын арада мұндай сыныптар қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын», – деді KazChess президенті Тимур Турлов.

Бүгінгі таңда KazChess Freedom Broker компаниясының және Freedom Shapagat корпоративтік қорының қолдауымен еліміздің 7 аймағындағы 7 базалық мектеп шахматты сапалы оқытуға арналған жиһаз, техникалық құрал-жабдықтар, шахмат жабдықтары сынды құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұндай сыныптар Қызылорда қаласындағы мектептен юөлек, Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінде, Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясында, Шымкент қаласындағы Қарсыбай Спатаев атындағы № 7 мектеп-лицейінде, Алматы қаласындағы №90 мамандандырылған мектеп-лицейінде, Павлодар қаласындағы Мәшхур Жүсіп атындағы мектеп пен Орал қаласындағы №37 мектепте де ашылған.

Бұл сыныптарда шахмат пәнін еліміздің жеті облысының 42 мектебінде бастауыш сынып мұғалімдері оқытады. Оқумен мыңнан астам бірінші сынып оқушылары қамтылған. 2024-25 жаңа оқу жылында жобадағы мектептердің саның 350-ге дейін арттыру жоспарланған.

«KazChess шахмат ойыны арқылы жас қазақстандықтардың ақылды, білімді және тәрбиелі болуына үлес қосуын жалғастырады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, 2 мамыр күні KazChess/Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Бейжіңде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы хатшылығының ғимаратында ұйымға қатысушы елдердің дипломаттары, ШЫҰ-ның бақылаушылары мен диалогтық серіктестері арасында шахматтан турнир өткен болатын.

ШЫҰ дипломаттары сынға түскен ойын сессиясына 2010–2016 жылдардағы 4 дүркін әлем чемпионы және әйелдер арасындағы ең жоғары рейтингтің иегері (2633), гроссмейстер Хоу Ифан (Қытай) қатысты. 

Сондай-ақ оқыңыз