Астана халықаралық әуежайында күрделі жөндеу болмай ма – Авиация комитеті жауап берді

Жарияланды
Ұшу-қону жолағы
Астана әуежайының ұшу-қону жолағы жөндеуден өтеді /Фото: Shutterstock, Envato; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Азаматтық авиация комитеті Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуге байланысты мәлімдеме жасады. Комитет әлеуметтік желілерде таралған күрделі жөндеудің болмайтындығы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

«Әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларда пайда болған күрделі жөндеудің болмайтындығы туралы ақпараттың БАҚ-та таралуына байланысты елорда әуежайы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. 1 мамырдан бастап Астана қаласының әуежайында бас мердігерімен бірлесіп ұшу-қону жолағында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша іс-шаралар басталды»,  – делінген баспасөз хабарламасында.

Айлақта асфальтбетон жұмыстарын жүргізу үшін бас мердігер Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Талдықорған, Орал және Петропавл қалаларының әуежайларында әуеайлақ жабындарын қайта жаңартуда тәжірибесі бар компаниянын жұмысқа тартқан.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда объектіде инженерлік-геодезиялық тексеріс жүргізіліп жатыр. Арнайы техника тартылып, инертті материалдар жеткізіліп жатыр.

«Жөндеуге байланысты Астана халықаралық әуежайындағы авиарейстер кешкі 10-нан таңғы 6-ға дейін орындалмайды. «Қазаэронавигация» РМК арқылы күрделі жөндеуге байланысты әуеайлақта енгізілетін шектеулер туралы NOTAM электронды хабарламалары жіберілді», – делінген хабарламада.

Рейстер кестесінің осылайша өзгеруіне байланысты жолаушылар ағыны 2 есеге ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты ұшу алдындағы тексеруде шамадан тыс жолаушылар ағыны және вокзал маңындағы тұрақта көлік саны ұлғаюы мүмкін. Сондықтан әуежай әкімшілігі жолаушыларға рейстерді сәтті орындау үшін 3-4 сағатқа ерте келуді ұсынады.

Айта кетейік әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Сол үшін қазіргі уақытта әуежай жолаушыларды қабылдау қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін анықтау мақсатында алдағы 30 жылға арналған Бас жоспар қайта қаралып жатыр. Бұл өзгерістер Астана әуежайында биометриялық деректер мен технологияларды кеңінен қолдануды, жүк тасымалдаудың жаңа стратегиясын әзірлеуді және әуежайды арнайы экономикалық аймақ құра отырып, өз санатындағы әлемдегі ең үздік 10 әуежайдың қатарына қосуға бағытталған зерттеулерді қамтиды.

Еске сала кетсек, сәуір айының аяғында Елорда әуежайының баспасөз қызметі ұшу-қону жолағында жөндеу жұмыстары басталуына байланысты түнгі рейстер орындалмайтынын хабарлады. Жөндеу жұмыстарына байланысты рейстер кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан жолаушылар қосымша ақпарат алу үшін әуе компанияларына хабарласуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз