Жаңалықтар

Мәскеудегі теракт: қазақстандықтар Ресейге барудан бас тартуы керек пе — СІМ жауабы

Қазақстан азаматтары Ресейге бара ала ма? / коллаж: kursiv.media

Қырғызстан мен Тәжістан билігі өз азаматтарын Ресейге бармауға шақырды. Қазақстан Үкіметі де көршілес елге бармауға кеңес беруі мүмкін бе? Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залындағы терактіден соң, азаматтарға қауіп төніп тұрған жоқ па? Бұл сұрақтарға СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

Айта кетейік, 22 наурызда Ресей астанасы Мәскеудегі «Крокус Сити холл» концерт залында теракт оқиғасы болған еді. Осыдан кейін Тәжікстан азаматтарының Ресейге кіруі қиындады. Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі болған жағдайға түсінік берді. Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі де өз азаматтарына Ресейге барудан уақытша бас тартуды ұсынды.

БАҚ өкілі «Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі неге үнсіз?» және «Қазақстандықтарға Ресейге бару қиындық туғызбай ма?» деп сауал жолдады. Ресми өкіл  Айбек Смадияров Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түсінбеушілік мәселелері жоғын атап өтті.

«Достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас көпқырлы мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі саналады. Сондықтан біз Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада қандай да бір проблеманы көріп отырған жоқпыз. Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттары жергілікті билік, РФ Сыртқы істер министрлігі және шекара қызметімен үнемі байланыста. Егер (Ресейдің күштік құрылымдары, – автор) Қазақстан азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексерсе, бұл тек қауіпсіздік мәселесі саналады. Былай үлкен мәселе туындап жатқан жоқ», деді ол.

Айбек Смадияровтың сөзінше, Мәскеудегі терактіден соң да қазақстандықтар ол елге емін-еркін бара алады. Тек сол елдің заңын, ережелерін сақтауы тиіс.

Еске салсақ, СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Мәскеудегі терактіден соң қазақстандықтарды қай елде жүрсе де сақ болуға шақырған еді.

«Әрине, бұл теракт («Крокус Сити Холдағы») адам шошытарлық жағдай болды. Сол түні Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен хабарласып, бекітілген алгоритм бойынша жұмыс істедік. Жедел желінің телефон нөмірі жарияланды. Мәскеудегі студенттер мен басқа да Қазақстан азаматтарының бәрімен хабарласып, жағдайын анықтай бастадық. Қазіргі таңда қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ», – деді ресми өкіл.

Айта кетейік, 23 наурыз күні  Ресей астанасы – Мәскеуде «Крокус Сити Холл» концерт залына лаңкестер шабуылдады. Ресей тергеу комитеті осыған байланысты қылмыстық іс қозғады. Шабуыл салдарынан 144 адам көз жұмып, 328 адам жараланды. Сол күні 11 адам ұсталды. Оның ішінде тәжік азаматтары болды. «Крокус Сити» ісіне қатысы бар деген адамдар әлі тергеліп жатыр.