Мәскеуде өтетін әскери шеруге қандай елдердің басшылары қатысады?

Жарияланды (жаңартылды )
9 мамыр
Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін шеруге Орта Азия елдерінің президенттері шақырылған /Фото: Ақорда

Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін әскери шеруге Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Орта Азия елдерінің де басшылары қатысады. Бұл жайлы Кремльдің баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент Владимири Путин 9 мамырда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына арналған әскери шеруге қатысады»,– делінген хабарламада.

Кремльдің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, әскери шеруге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының Президенті Тонглун Сисулит және Гвинея-Бисау Республикасының Президенті Оумару Сисоку Эмбало шақырылған.

Салтанатты шара барысында бұл елдің басшылары Путинмен бірге Белгісіз солдат мазарына гүл қою рәсіміне де қатысады.

Сонымен бірге тап осы күні Путин Куба, Лаос, Гвинея-Бисау басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізетіні жазылған.

Еске сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8-9 мамыр күні Ресейге жұмыс сапарымен баратынын Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқан болатын. Осы сапар барысында Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі.

Бұдан бөлек, Абаев Қазақстан өкілдерінің Ресейдің Уфа қаласындағы Өңіраралық форумға қатысатынын айтты. Яғни Уфада президенттердің тағы бір кездесуі болады.

Айта кетейік, Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған әскери шеру өтпейді. Қорғаныс министрлігі бюджет қаражатын үнемдеп, оны басқа істерге жоспарлайтынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз