Тоқаев Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады

Жарияланды (жаңартылды )
Отан қорғаушылар
Президент Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтады / Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушыларды мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

«Қадірлі отандастар! Сіздерді Отан қорғаушы күнімен құттықтаймын! Еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор. Әскери борышты өтеу Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі екені анық. Халыққа қалтқысыз қызмет ету – әрбір адал азаматтың перзенттік парызы»,– делінген президенттің құттықтау сөзінде.

Сонымен бірге мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық мүддені қорғауға, аумақтық тұтастықты сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән берілетінін атап өткен. Ол су тасқыны апаты кезінде халыққа көмек көрсеткен әскерилеріміздің еңбегін жоғары бағалаған. Ол:

«Айбынды армиямыз егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің мызғымас тірегі саналады. Біз әскеріміздің әлеуетін оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында да көріп жүрміз. Алапат тасқын ел-жұртқа қауіп төндіргенде, сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Олар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетті.Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қызметкерлерді қолдау қашанда мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Қарулы Күштеріміздің мерейі үстем болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», – деп аяқтаған құттықтау сөзін.

Еске сала кетсек, Президент Мәскеуде 9 мамыр күні өтетін әскери шеруге қатысады. Бұл шеруге Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Орта Азия елдерінің де басшылары қатысады

Сондай-ақ оқыңыз