Бесінші рет президент атанды: Путин ресми түрде қызметіне кірісті

Жарияланды (жаңартылды )
Ресей президенті
Ресей президенті өз қызметіне кірісіп, ескі үкіметі тарады / Фото: kremlin.ru

7 мамырда Кремльде Владимир Путиннің Ресей Федерациясының президенті қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімі өтті. Бұл жайлы Ресей президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты рәсім барысында Путин президенттік антын қабылдап, ресейліктерге сенім білдіргені үшін алғысын білдірді.

«Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға тағы да алғыс айтамын. Бұл мен үшін үлкен абырой, жауапкершілік, қасиетті парыз деп түсінемін. Біз осынау қиын, айтулы кезеңнен абыроймен өтіп, бұдан да нығайып, даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ұзақ мерзімді жоспарлар мен ауқымды жобаларды міндетті түрде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді қолдау қоғамдық және діни бірлестіктерді, саяси партияларды, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейін біріктіретініне сенімдімін», – деді Путин.

Фото: kremlin.ru

Инаугурация аяқталғаннан кейін Ресей үкіметі отставкаға кетті. Елдің премьер-министрі Михаил Мишустин арнайы бұйрыққа қол қойып, үкіметті таратты. Ресей заңы бойынша, президент қызметіне кіріскен соң ескі үкіметті таратып, жаңасын бекітуі керек.

Еске сала кетсек, президенттік қызметіне кіріскен Владимир Путин 8-9 мамыр күндері шетел басшыларымен кездеседі. Ал 9 мамыр күні әскери шеру өтеді. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес, Лаос Халықтық Демократиялық Республикасының Президенті Тонглун Сисулит және Гвинея-Бисау Республикасының Президенті Оумару Сисоку Эмбало шақырылған.

Салтанатты шара барысында бұл елдің басшылары Путинмен бірге Белгісіз солдат мазарына гүл қою рәсіміне де қатысады.

Сонымен бірге бұл күні Путин Куба, Лаос, Гвинея-Бисау басшыларымен екіжақты келіссөздер өткізетіні жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз