Жаңалықтар

Қытай күзде Қырғызстан мен Өзбекстан арқылы өтетін теміржол құрылысын бастайды

Қырғызстан теміржолының
Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысына 1,34 млрд доллар жұмсалады / Фото: kursiv.media

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы осы жылдың қазан айында басталады. Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мәлімдеген.

Жапаров қазіргі таңда Қырғызстанның логистикасы тұйық мемлекет екенін, елдің әлемге Қазақстан мен Ресей теміржолдары арқылы шығып жүргенін айтқан.

«Темір жол салынса, біз әлемге шыға аламыз. Бұл біздің өз жолымыз болады дегенді білдіреді», – деген Садыр Жапаров.

Ол сонымен бірге Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан бұл жобаны ілгерілету үшін тиісті шаралар атқарып жатқанын айтқан.

Жоспарланған теміржол Қытай мен Орталық Азияны байланыстырады. Одан әрі Еуропа мен Парсы шығанағы елдеріне жаңа көлік бағыттары ашылмақ. Атап айтқанда, бұл бағыт Қытай мен Өзбекстанның теміржол желілерін Қырғызстан арқылы, содан кейін Түрікменстан, Иран және Түркия арқылы Еуропаға қосады. Ұзындығы 454 шақырым болатын бағыт Қытай Қашқарынан Торугарт, Нарын және Жалал-Абад арқылы өзбек шекарасына дейін өтеді.

Бұл теміржолды Қытайдың China State Railway Group Co.Ltd компаниясының көмегімен салынады.

Айта кетейік, бұл темір жол құрылысы өткен жылдың күзінде басталуы керек болған. Бірақ Бейжің, Бішкек және Ташкент қаржыландыру үлесі жайлы келісе алмағаны себепті құрылыс кейінге шегерілген.

Жобаның құны – 1,34 млрд долларды құрайды. Қырғызстанның бұл магистралды қаржыландырудың өзіндік көздері болмағандықтан, құрылыс ҚХР ақшасына жүргізіледі деп болжануда.

«Жоба дайын. Бірақ Бейжің, Бішкек және Ташкент қаржыландыру үлесі туралы әлі келісе алмаған. Бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Қырғызстан мен Өзбекстанда жобаны қаржыландыруға ақша жоқ»,- деген рансевразиялық тасымалдау жөніндегі халықаралық үйлестіру кеңесінің Бас хатшысы Геннадий Бессонов. 

Алдын ала бағалау бойынша, Қырғызстан өз аумағы арқылы тауарлар транзитінен жыл сайын шамамен 200 млн доллар алады.