Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан тарапы кедендік бақылауды күшейткенін хабарлап, азаматтарына ескерту жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға аттанар алдында барлық қажетті құжатты алуды ұсынған /Фото: mfa.tj

Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға баруды жоспарлап отырған азамттарына ескерту жасады. Министрліктің хабарлауынша, екі ел арасындағы кедендік бақылау күшейтілген.

Тәжікстан тарапы азаматтарына Қазақстанға аттанар алдында өздерімен бірге барлық қажетті құжатты алуды ұсынған. Бұған Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайларында күшейтілген қауіпсіздік шараларының енгізілуі себеп.

«Қазақстанға келген кезде шекаралық және кедендік бақылау кезінде тексерулер жүргізілген жағдайда Тәжікстан азаматтары сапардың мақсаты мен мерзіміне, тұрғылықты жеріне, достарының немесе туыстарының Қазақстанда болуына байланысты сұрақтарға жауап беруге, қажет болған жағдайда қамтамасыз етуге дайын болуы қажет», – делінген министрлік хабарламасында.

Қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда Тәжікстан азаматтарына Тәжікстанның Қазақстандағы Елшілігіне немесе Алматыдағы Бас консулдығына хабарласу ұсынылған.

Сонымен бірге министрлік тиісті ведомстволар арасында тығыз және сындарлы ынтымақтастық орнатылғанын да атап өткен.

Еске сала кетсек, Қырғызстан мен Тәжістан билігі өз азаматтарын Ресейге бармауға шақырды. Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына аса қажет болмаса, бұл ел аумағына көліктің барлық түрімен барудан уақытша бас тартуды ұсынған болатын.

Ал Қазақстаның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мәскеудегі терактіден соң қазақстандықтарды қай елде жүрсе де сақ болуға шақырған еді.

Ол сонымен бірге Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түсінбеушілік мәселелері жоқ екенін атап өтті.

«Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада қандай да бір проблеманы көріп отырған жоқпыз. Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттары жергілікті билік, РФ Сыртқы істер министрлігі және шекара қызметімен үнемі байланыста. Егер (Ресейдің күштік құрылымдары, – автор) Қазақстан азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексерсе, бұл тек қауіпсіздік мәселесі саналады. Былай үлкен мәселе туындап жатқан жоқ», – деді СІМ өкілі.

Айбек Смадияровтың сөзінше, Мәскеудегі терактіден соң да қазақстандықтар ол елге емін-еркін бара алады. Тек сол елдің заңын, ережелерін сақтауы тиіс.

Айта кетейік, 23 наурыз күні  Ресей астанасы – Мәскеуде «Крокус Сити Холл» концерт залына лаңкестер шабуылдады. Ресей тергеу комитеті осыған байланысты қылмыстық іс қозғады. Шабуыл салдарынан 144 адам көз жұмып, 328 адам жараланды. Сол күні 11 адам ұсталды. Оның ішінде тәжік азаматтары болды. «Крокус Сити» ісіне қатысы бар деген адамдар әлі тергеліп жатыр. 

Сондай-ақ оқыңыз