Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті көбіне қай елдерден алады?

Жарияланды (жаңартылды )
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Қазақстандықтар жылжымайтын мүлікке инвестиция салу деңгейі қандай/shutterstock.

Қазақстандықтардың шетелден баспаналы болсам деген арман-мақсаты артпаса, кеміген жоқ. Тек сол баспананы алатын ел мен сатып алу мақсаты өзгерген. Осы орайда Таиланд, БАӘ, Кипрден үй алатындар көбейіп, сұраныста бірінші болған Түркияға қызығушылық басылған. Шетелден үй сатып алып «тұруға ықтиярхатын» алсам дегендер де азайған. Қазақстандықтардың шетелден үй  сатып алудағы ықылас-ниеттері қалай өзгергені жайлы «Курсив» материалынан таныс болыңыздар.

2024 жылдың I тоқсаны қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтарының шетелден жылжымайтын мүлік сатып алуға берген өтінімдер саны 2023 жылдың соңындағы деңгейде. Алайда жылмен-жыл салыстыратын болсақ, сұраныс 75%-ға артқан. Бұл туралы Tranio халықаралық брокерінің статистикасынан көруге болады. Сұранысқа ие болған елдер үштігінде – Таиланд, БАӘ және Түркия.

Түркия

2021-2022 жылдары шетелден баспана сатып алу бағытында көш бастаған Түркия 2024 жылы Таиландқа жол берді. 2024 жылы түріктердің жылжымайтын мүлкіне деген сұраныс тағы төмендеді. Tranio-ға өтінім берген қазақстандықтардың үлесі 2023 жылдың соңындағы көрсеткіштен 15%-ға азайды. Ал бір жыл бұрынғы көрсеткішпен (2024 жылдың I тоқсаны/2023 жылдың I тоқсаны) салыстыратын болсақ, Түркиядан баспана сатып алуға деген өтінім екі еседен астам (–57%). қысқарған.

«Түркиядағы жылжымайтын мүлікке сұраныстың төмендеуіне жаңа заңнамалық бастамалар мен шектеулер ықпал етті. Тұрақты ықтиярхат алу үшін салынатын инвестицияның шегі 50 мың доллардан 200 мың долларға дейін өсті. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап баспананы тек арнайы лицензия алғаннан кейін ғана  қысқамерзімді жалға беру мүмкін болып қалды», – деп түсіндіреді Tranio-ның деволоперлік өнім жөніндегі директоры  Елена Милишенкова.

Сұраныспен бірге қазақстандықтардың түріктердің жылжымайтын мүлкін сатып алуға медиандық бюджеті де қысқарып келеді. Егер 2022 жылы медиандық бюджет 274 мың доллар болған болса, 2023 жылы 243 мың доллар болған. Ал қазір 213 мың доллар шамасында.

Таиланд

Былтыр Қазақстан азаматтарының жылжымайтын мүлікке инвестиция салу үшін ең сұранысқа ие бағыттары арасында Таиланд бірінші орында болды. 2023 жылы Таиландтағы жылжымайтын мүлік нысандарына сұраныс рекордтық 283%-ға өсті. Ал 2024 жылы қазақстандықтар тарапынан баспана сатып алуға түскен өтінім тағы 14%-ға артты.

«Бұл бағытқа деген қызығушылыққа Қазақстанның Қытаймен визасыз режимді енгізуі әсер етті. 2024 жылдың 1 наурызынан бастап режим тағы 6 айға созылды. Ал бұл туристердің көптеп келуіне себепкер болды. Жылжымайтын мүлік сатып алу келісімінің саны мен сатып алуға сұраныс қазір де жоғары. Демалыс кезінде жергілікті нарықтағы ұсыныстармен танысқан туристер, елге келгесін Таиландтан үй сатып алуға шешім қабылдайды», – дейді Милишенкова.

Осы орайда қазақстандық жылжымайтын мүлік сатып алушылардың медиандық бюджеті 2023 жылғы 160 мың доллар болған деңгейден 7%-ға қысқарған.

БАӘ

2024 жылдың басында БАӘ-ден жылжымайтын мүлік сатып алғысы келетін қазақстандықтардан түскен өтінім саны төрт есе өскен. Ал медиандық бюджет 284 мың долларға жеткен.

2023-2023 жылдары қатты сұранысқа ие болған уақытқа қарағанда қазір сұраныс қарқыны басылған. БАӘ нарығына сұраныстың саябырлауына Дубай және басқа да әмірліктердегі баспана бағасының қымбаттауы себеп болған.

Дубайда баспананың бір шаршы метрінің орташа бағасы 5,10-5,5 мың доллар деңгейінде болып, осы қарқыннан 11 ай бойы түспеді. Наурыз айында бір шаршы метр құны 4,86 мың долларға түскен.

Қазақстандықтардың Парсы шығанағы аймағындағы сұранысы тек әмірліктермен ғана шектеліп тұрған жоқ. Tranio 2024 жылы қазақстандықтардың Катар мен Сауд Арабиясынан жылжымайтын мүлік алуға қызығушылығы бар екенін алғаш рет байқаған.

Кипр

Қазақстандықтардың Кипрден жылжымайтын мүлік сатып алуға деген өтінімдері 2024 жылдың басында екі есе артқан.

«Сұраныстың артуына елдің ішіндегі жағымды жаңалықтар әсер еткен. Наурыз айында Кипр жаңа заң бойынша азаматтық алу туралы өтініш қабылдауды қайта бастады. Егер енді өтінім беруші жоғары технологиялық компанияда жұмыс істейтін болса, азаматтық алу оңай. Ал 2023 жылдың соңында Кипр Шенген аймағына кіру ниеті бар екенін мәлімдеді. Егер Кипр Шенген аймағына кіретін болса, тұрғылықты мекенжай алу ережесі 1,5-2 жылда өзгеруі мүмкін деген қорқыныш та сұраныстың өсуіне әсер етті», – дейді Tranio-ның деволоперлік өнім жөніндегі директоры.

Еуропа

Қазақстандықтардың Еуропадан баспана алуға деген сұранысы бәсеңдеген. Tranio қазақстандықтардың Франция мен Германиядан жылжымайтын мүлік сатып алуға өтінімдерінің едәуір қысқарғанын айтып отыр. Греция мен Испаниядан да баспаналы болсам дегендер қатары азайған. Алайда мүлде өтінім жоқ деп кесіп айтуға да болмайды.

«Германиядан жылжымайтын мүлік сатып алу шығыны көп. Осыған байланысты еуропалықтардың өздері елдерінен гөрі шетелдегі жылжымайтын мүлікке инвестиция салғанды жөн көреді. Оған Германия, Франция мен Ұлыбритания азаматтарының Таиландтан баспана сатып алуы дәлел», – деп атап өтті Елена Милишенкова.

Қазақстандық инвесторлардың мақсаттарының өзгеруі олардың шетелдік нарықтарға қызығушылығын «салқындатқан»

2024 жылы Tranio-ның қазақстандық клиенттерінің  43%-ы жылжымайтын мүлікті демалуға және жалға беру үшін алған. Ал еще 19%-ы тек өздерінің демалуы үшін алған. Тек 14%-ы ғана жылжымайтын мүлікті тұрақты ықтиярхат немесе «алтын» виза алу үшін сатып алған. Ал 2023 жылы мұндай сатып алушылар үлесі 23% болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз