Nvidia акцияларының мақсатты бағасы 1100 долларға дейін өсуі мүмкін

Жарияланды
Фото: Nvidia көрсетілімінен стоп-кадр

Goldman Sachs бағалауы бойынша Nvidia акциялары тіпті осы жылы екі есе өскеніне қарамастан, әлі де өсу әлеуеті зор. Сарапшылардың болжамына мега-капитализациясы бар Microsoft, Alphabet, Meta, Amazon және т.б. технологиялық алпауыттардың жасанды интеллект инфрақұрылымына қанша ақша жұмсайтыны әсер етті, деп жазады Business Insider

Толығырақ

Goldman Sachs банкі Nvidia акцияларының мақсатты бағасын 1000 доллардан 1100 долларға дейін көтерді. Бұл қазіргі бағадан 22 пайызға өсуі ықтимал дегенді білдіреді. Уолл-стрит консенс-болжамы 999 доллар.

Банк сарапшыларының пікірінше, Nvidia акциялары қаншалықты жылдам өсіп жатқаны және алдағы жылдарда бұл үрдістің қаншалықты тұрақты болатынын ескере отырып, басқа ұқсас компаниялармен салыстырғанда тартымды бағамен саудалануда.

Саладағы өзгерістер

Goldman Sachs-ті мега-каптық технологиялық алпауыттардың соңғы есептері жігерлендірді. Олар биылғы жылы инвестицияларды арттырғаннан кейін 2025 жылы жасанды интеллект инфрақұрылымына көбірек ақша жұмсайтындарын айтты. Инвестиция Nvidia операциялық нәтижелерінің одан әрі өсуіне мүмкіндік жасау керек.  

Тошия Хари ЖИ-ды орналастыруға арналған серверлік процессорлардан түсетін кіріс өткен жылмен салыстырғанда екі еседен асады деп күтетін TSMC мәлімдемелеріне сілтеме жасады. AMD өзінің жасанды интеллектіге бағытталған Mi300 GPU үшін 2024 жылға арналған кіріс болжамын 4 миллиард долларға дейін арттырды.

Жаңа AMD чиптері мен технологиялық алпауыттардың жеке әзірлемелері арасындағы бәсекелестіктің күшеюіне қарамастан, Goldman Sachs сарапшысы бұл Nvidia кірісінің өсуін тоқтатуға жеткіліксіз екеніне сенімді.

«Біз Nvidia аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету мүмкіндіктерінің бәсекелестік артықшылықтарын, орнатылған чиптер базасын және бірнеше ондаған жылдар бойы жасаған экожүйені және компанияның даму қарқынын ескере отырып, жақын болашақта де-факто салалық стандарт болып қала береді деп сенеміз», – деді Хари.

Nvidia 22  мамырда жалпы сауда-саттық аяқталғаннан кейін, соңғы тоқсандағы операциялық нәтижелері туралы хабарлайды.

Көрсеткіш

—  Microsoft-тың соңғы тоқсандағы табысы бір жылмен салыстырғанда 17%-ға өсіп, 61,9 млрд долларды құрады. Сонымен қатар компания жасанды интеллект үлгілерін орналастыруға арналған дата-орталықтарға күрделі шығындарды 14 млрд долларға дейін арттырды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 79%-ға көп.

—  2024 жылдың алғашқы үш айында Alphabet-тің кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өсіп, 80,5 млрд долларға жетті. Инфрақұрылымды дамытуға арналған шығындары 12 млрд доллар болып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 91%-ға көбейген. 

— Meta кірісі 27%-ға өсіп, 36,5 миллиард долларға жетті. ЖИ мен инфрақұрылымға жіберетін шығындары 2024 жылы 30-40 млрд доллар болады.

—  Amazon компаниясының бірінші тоқсандағы табысы бір жылда 13%-ға өсіп, 143,3 миллиард долларға жетті. Amazon алдағы 15 жылда жасанды интеллектіге сұраныстың қарқынды өсуінен деректер орталықтарын салу және пайдалану үшін шамамен 150 млрд доллар жұмсауды жоспарлап отыр.

Акциялар

Сәрсенбі, 8 мамыр күнгі саудада Nvidia акциялары 0,16%-ға арзандап, 904,12 долларды құрады. Жыл басынан бері компанияның акциялары 82,5 пайызға қымбаттады. Соңғы 12 айда акция 213%-ға өсті. MarketWatch мәліметтері бойынша, 45 сарапшы Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес береді. Жеті сарапшы акцияны ұстауды ұсынады (рейтингті ұстау).

Сондай-ақ оқыңыз