Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға баратын азаматтарына ескерту жасады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: gazeta.uz

Қазақстанға кіру ережелеріндегі жаңашылдыққа байланысты  Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына Қазақстанға кірер кезде өздерімен бірге барлық қажетті құжатты алуды ұсынды.

«Өзбек-қазақ немесе ресей-қазақ шекарасынан өткенде тек Қазақстанға ғана емес, Ресейге де кіруге ешқандай кедергі жоқ екеніне алдын ала көз жеткізу керек. Қазақстанның құзырлы органдары Ресей Федерациясының көші-қон және өзге де заңнамасын бұзу немесе төленбеген айыппұлдарды тексеруде», – делінген хабарламада.

СІМ хабарлауынша, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша шешімдерді өзара тану және орындау туралы ресейлік-қазақстандық екіжақты келісімдер тексеруге негіз болады.

Ведомство заңбұзушылық немесе төленбеген айыппұл анықталса, Өзбекстан азаматтарын Қазақстанға кіргізбеуі немесе шығармай қоюы мүмкін екенін ескертті.

Осының алдында Тәжікстан Сыртқы істер министрлігі де Қазақстан тарапы кедендік бақылауды күшейткенін хабарлап, азаматтарына ескерту жариялады.

Ал Қазақстаның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мәскеудегі терактіден соң қазақстандықтарды қай елде жүрсе де сақ болуға шақырған еді.

Ол сонымен бірге Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай түсінбеушілік мәселелері жоқ екенін атап өтті.

«Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада қандай да бір проблеманы көріп отырған жоқпыз. Қазақстанның Мәскеудегі дипломаттары жергілікті билік, РФ Сыртқы істер министрлігі және шекара қызметімен үнемі байланыста. Егер (Ресейдің күштік құрылымдары, – автор) Қазақстан азаматтарын тоқтатып, құжаттарын тексерсе, бұл тек қауіпсіздік мәселесі саналады. Былай үлкен мәселе туындап жатқан жоқ», – деді СІМ өкілі.

Айбек Смадияровтың сөзінше, Мәскеудегі терактіден соң да қазақстандықтар ол елге емін-еркін бара алады. Тек сол елдің заңын, ережелерін сақтауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз