GM бензинмен жүретін үлкен седан жасауды доғарып, электрлік көлік шығаруға көшіп жатыр

Жарияланды
GM аты аңызға айналған үлкен седан Chevrolet Malibu өндірісін тоқтатып, арзан электрлік көлік өндіруге көшу үстінде / Фото: Chevrolet

General Motors бюджеттік электрлік көліктер өндірісіне көңіл бөлу мақсатында үлкен әрі қомағай седандар шығаруды тоқтатып жатыр. Биыл күзде «Үлкен детройттық үштіктің» автоөндірушісі өзінің соңғы орта кластық седаны, әйгілі Chevrolet Malibu-дің өндірісін тоқтатады. Оның орнына конвейерде үнемді электрлік хэтчбек Bolt EV пайда болмақ.

Егжей-тегжейі

1964 жылдан бері шығарылып келе жатқан және дүние жүзі бойынша 10 млн данасы сатылған Chevrolet Malibu моделі қарашаның басында GM компаниясының Канзастағы зауытында конвейерден түсіріледі. Өндірістің тоқтатылатыны жайында компания өкілінің сөзіне сілтеме жасай отырып бірінші болып хабарлаған – Carscoops сайты. 4 қарашада әзірге ресми түрде таныстырылмаған екінші буындағы электрлік көлік Bolt EV-ді жасауға ыңғайлап қайта жабдықтау үшін конвейер тоқтатылады. Ал дәстүрлі Cadillac XT4 кроссоверін зауыт шығара бермек.

Chevrolet өкілі компанияның бензинмен жүретін ірі седандардан бас тартуына тұтынушы талғамының өзгеруі себеп болғанын айтты. Седанның тартымдылығы төмендеп келеді. Ал АҚШ-тағы автомобиль нарығында жол талғамайтын көліктер мен жүк көліктері жақсы өтетін болды. Сонымен қатар компания электрлік сегментке де дендеп енуді көздеп отыр. Екінші буындағы Bolt электрлік көлігі жаңа платформаға ие болады. Нарықтағы «ең қолжетімді толық электрлік көліктің біріне» айналуға тиіс. Бұл мақсат көп өндірістік қуатты қажет етеді.

Бір дәуірдің соңы

Бұрын АҚШ-та ең тартымды көлік орта кластық үлкен седандар еді. Олардың сатылымы 2000-шы жылдардың басында, тұтынушылық сұраныс кроссоверлер мен пикаптарға ауған кезде төмендей бастады. Қазір Америка нарығында жол талғамайтын көліктер мен жүк көліктерінің дәурені жүріп тұр. MarketWatch атап өткендей, АҚШ-тағы ең өтімді көлік: Ford, Chevrolet және Stellantis фирмаларының толық өлшемді пикаптары. Ал ең көп сатылатын пикап емес көлік – Toyota RAV4.

Motorintelligence.com мәліметтері бойынша, АҚШ-тың бастапқы нарығындағы орта класс көлігінің үлесі 2007 жылғы 22 %-дан өткен жылы 8 %-ға төмендеген. Қазір осы сегменттегі сатылым бойынша жапондық Toyota Camry мен Honda Accord көш бастап тұр. 2016 жылы кескін-келбетіне өзгеріс енгізілгеннен кейін Malibu сатылымы біраз өскенімен, көлікті жалға беру қызметтеріне жаңартылған осы көлік кіріс әкеліп жарытпады.

GM үлкен седан шығаруды тоқтатуға ұйғарған алғашқы автоөндіруші емес. Бұған дейін Subaru да сөйткен. Келесі жылдың көктемінде, кем дегенде Солтүстік Америка үшін Legacy седанын шығаруды доғарады.

Электрлік көліктің келешегі

Биыл электрлік көлік өндірісінің өсімі баяулады. Бірақ, BloombergNEF болжамы бойынша, 2025–2026 жылдары нарыққа арзан модельдердің көптеп шығарылуына байланысты қайтадан қарқындап өседі. Bloomberg зерттеушілері электрлік көліктер мен гибридтердің жаһандық сатылымы өткен жылғы 13,8 миллионнан биыл 16,7 миллионға дейін ұлғаяды және олардың 70 %-ы толығымен электрлік болады деп болжайды. Жаһандық автомобиль нарығындағы электрлік көлік үлесі 2023 жылғы 17 %-дан 20 %-ға, Қытайда 38 %-ға дейін артуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз