The Motley Fool акциясында 550 пайызға дейін өсу әлеуеті бар үш компанияны атады

Жарияланды
Үй жануарларын сатушы Petco қағаздарының бағасы 184 пайызға өсуі мүмкін / Фото: Petco Health and Wellness

Уолл-стрит жасанды интеллект саласындағы төңкеріс ошағы болып отыр. Бірақ қызық идеялардың бастауы тек сол жерде ғана жатқан жоқ дейді америкалық The Motley Fool консалтингілік компаниясы. Ол акциясының бағасы 550 пайызға дейін өсуі мүмкін үш шағын компанияны атады.

Plug Power

The Motley Fool сутегілік отын жүйелері әзірлемесін жасайтын Plug Power-дің бір акциясының бағасы 18 долларға жетуі мүмкін деген HC Wainwright сарапшысы Амит Даялдың пікірін келтіреді. Бұл 9 мамырда сауда жабылған күнгі деңгеймен салыстырғанда, 550 пайызға дерлік өсу әлеуетін білдіреді. Диал өзінің бұлай бағалауына компанияның екі таңбалы санмен өсуінің ұзақ мерзімді болжамы және оның шығындарды бақылауы мен кірісті біртіндеп жақсартуға күш салуы себеп болғанын айтады. Ал компанияның шығындарды оңтайландыру қабілетіне деген The Motley Fool-дің көзқарасында үмітшілдік аздау: Plug Power капитал тарту үшін тіпті кәдімгі акцияларын сатуға мәжбүр болған дейді талдамашылар.

Petco Health and Wellness

Petco Health and Wellness үй жануарларының сау-саламаттығы саласында жұмыс істейді. Наурызда Needham & Company сарапшысы Анна Андреева компания акциясының бұрын белгіленген мақсатты бағасының 5 доллар екенін растады. Яғни сол қағаздардың қазіргі саудаланып жатқан деңгейінен 184 пайызға жоғары. Бұл саланың инвестиция үшін неге тартымды екені түсінікті деп жазады The Motley Fool: «өз отбасының мүшесі» аман-сау әрі бақытты болуы үшін әр адам әмиянын қуана-қуана ашады. Басылым 2023 жылы АҚШ-та үй жануарларын өсіруге жұмсалған қаржы 147 млрд долларға жетті деген Американың салалық қауымдастығының дерегін келтіреді. Petco үшін қиындық оның кейбір өтелмеген қарызы бойынша құбылмалы бағаларда жатыр. Қарыз өтеу шығындарының жоғарылап кеткені сондай – операциялық ақша ағынын жұтып алады.

Novavax

Фармацевтикалық компания Novavax Уолл-стритте COVID-19 вакцинасынан ақша табу мүмкіндігін жіберіп алғанымен белгілі. Ол вакцина әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, вакцинасын шұғыл қолдануға рұқсат алу үшін FDA-ға өтініш беруді кейінге қалдырған. Соның нәтижесінде қалай Moderna, Pfizer, AstraZeneca секілді өзге фирмалардың вакцинадан ақша тауып жатқанына қарап отырудан басқа амалы болмады деп еске салады The Motley Fool.

Солай бола тұрса да, HC Wainwright компаниясының сарапшысы Вернон Бернардино осы жылдың басында компания акциясының мақсатты бағасын 19 доллар деп белгіледі. Бұл – 9 мамырда сауданы жапқан деңгейге дейін 298 пайыздық өсу әлеуеті. Novavax 2026 жылы нарыққа шығуы мүмкін COVID-19 бен тұмауға қарсы аралас вакцина әзірлеуде деп жазады The Motley Fool. Сарапшылар жуырда осы компания мен Gavi жаһандық вакцина альянсы арасында 400 млн долларға дейінгі сомада келісім жасалғанын еске салады. Сонымен қатар жұмада Novavax-тің 2025 жылдан бастап фармацевтикалық алпауыт Sanofi компаниясымен бірге COVID-19-ға қарсы вакцинаны саудалайтыны белгілі болды. Мәміле шарттарына сәйкес, Novavax 500 миллион доллар көлемінде алдын ала төлем, сондай-ақ әзірлеу, реттеу және іске қосу жұмыстары үшін 700 млн долларға дейін төлем алады. Ал Sanofi сатылымнан роялти алуға құқылы болады.

Сондай-ақ оқыңыз