АЭС салуға қатысты референдум өткізудің қажеті жоқ деп ақпарат таратқан БАҚ менен кешірім сұрауы керек – Сәтқалиев

Жарияланды
Шығарушы редактор
АЭС салуға қатысты референдум қашан өтеді? Фото: кursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өзіне сілтеме жасап, «АЭС салуға қатысты референдум өткізудің қажеті жоқ» деп хабар таратқан БАҚ ресми кешірім сұрауы керек деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі. Қазір референдумға дайындық басталып, өңірлерде түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Журналистер Үкімет отырысы алдында министрден Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаевтың «жыл соңында АЭС салуға қатысты референдум өтуі мүмкін деген» сөзіне түсініктеме беруді сұрады. Елші бұл туралы ресейлік ТАСС басылымына берген сұхбатында айтқан.

«Бұқаралық ақпарат құралдары арасында «Сәтқалиев референдум өткізудің қажеті жоқ деп айтты» деген ақпарат тарады. Бұл басылымдар ресми түрде кешірім сұрауы қажет деп санаймын. Өйткені мен «заңнамаға сәйкес, референдум өткізудің қажеті жоқ» деген едім. Алайда халық өз пікірін білдіруі керек және Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы болғандықтан, референдум өткіземіз деген шешім шығарылған. Маған сілтеме жасай отырып, жалған ақпарат таратқан басылымдар кешірім сұрап, ақпаратты терістеуі керек», – деді министр.

Алайда министр қандай басылым жалған ақпарат таратқанын нақтыламады. Осы ретте журналистер Сәтқалиевтен «бұл мәселе бойынша нақты ақпарат бермегендеріңіз үшін халықтан керішім сұрағыларыңыз келмей ме?» деп сұрады.

«Бұл жерде өзіндік талаптар бар. Халықпен тікелей байланыс бар. Өңірлерге шығып, аймақтарда кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізіп, нақты сауалдарына жауап береміз. Не қоғамдық ұйымдар, не қоғам белсенділері тарапынан да министрлікке референдум өткізуді жеделдету туралы өтініш түскен жоқ. Сондықтан біз заңнама мен бекітілген рәсім аясында жұмыс істейміз», – деді министр.

Сәтқалиев қазіргі кезде 4 өңірде түсіндіру жұмысы жүргізілгенін айтады. Ал бұл жұмыс әр өңірде өтуі тиіс. Министр заң талабына сай референдумға дайындық жүріп жатқанын атап өтті.

Бұған дейін Сәтқалиев АЭС құрылысына қатысты референдум оң нәтижемен аяқталарын сенім білдірген.

2023 жылдың тамыз айында Үлкен ауылында алғаш рет АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қатысқандар ортақ мәмілеге келе алмай, жанжалдасып тарқады. Жиналыстың орыс тілінде басталғанына наразы болған тұрғындар «Халық қарсы» деп ұрандатты. Көпшіліктің пікірі екіге жарылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет АЭС салудың маңызы атап өтіп, 2022 жылы жазда шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-ші пленарлық отырысында Қазақстанда АЭС салынатын жер анықталғанын айтты.

2022 жылдың 13 маусым күні, сол кездегі Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр станциясының Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында салынатынын жария етті.

Сондай-ақ оқыңыз